
Қазақстанда жаңартылған Cadillac Escalade 2025 жол талғамайтын көлігінің ресми сатылымы басталды. Жаңартылған модельдің сыртқы келбеті электрлі Escalade IQ-ға ұқсас – жаңа жарықдиодты оптика және жарықтандырылатын радиатор торымен ерекшеленеді.
Жаңа Cadillac Escalade бағасы
Escalade екі түрлі жинақтамада ұсынылған:
- Premium Luxury Platinum
- Sport Platinum

Екі нұсқасы да 6,2 литрлік V8 бензинді қозғалтқышпен жабдықталған. Бұл мотор 420 ат күші мен 624 Нм айналу моментін қамтамасыз етеді. Қозғалтқыш 10 сатылы автоматты беріліс қорабына және толық жетекті (4WD) жүйеге қосылған.
Бағасы – 104,8 млн теңгеден басталады. Салыстырмалы түрде алғанда, алдыңғы модель 92,2 млн теңгеден сатылған болатын.
Салоны
2025 жылғы Cadillac Escalade-тың ең басты ерекшелігі – 55 дюймдік OLED-экраны. Оның 35 дюймі жүргізушіге, 20 дюймі алдыңғы жолаушыға арналған. Ортаңғы консольде тағы бір қосымша сенсорлық экран бар – ол арқылы климатты, жарықтандыруды және автокөлік функцияларын басқаруға болады.

Опциялар тізіміне 36 динамигі бар AKG аудиожүйесі, жылыту және желдету функциялары, екінші қатардағы бөлек кресло, есіктің электр жетегі, панорамалық люк, сымсыз смартфон қуаттағыш, бейімді пневматикалық аспа және айнала шолу камерасы, автоматты тежеу сияқты электронды көмекшілер жинағы кіреді.

Премиум нарықтағы көшбасшылар
Айта кетейік, Қазақстанда премиум санатындағы көліктерге сұраныс артпаса, кеміген жоқ. Дәулетті қазақстандықтар люкс автокөліктерді тек қозғалыс құралы ғана емес, сонымен қатар мәртебе мен өмір салтының айқын көрсеткіші ретінде қарастырады.
Сарапшылар мен автодилерлердің деректеріне сәйкес, қазақстандық миллионерлер арасында Mercedes-Benz, BMW, Lexus, Range Rover және Porsche брендтері ерекше танымал. Бұл маркалар сапасы жағынан, сәнді дизайны мен инновациялық технологияларымен ерекшеленеді.