Астанада қаржы пирамидасын құрған егде жастағы әйел сотталды

Астанада Happy Life KZ компаниясы арқылы қаржы пирамидасын құрған егде жастағы әйел сотталды. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты хабаралды.
Сотта «Happy Life KZ» ЖШС-нің құрылтайшысы А. осы компанияны пайдаланып 2016 жылы қаржы пирамидасын құрғаны анықталды.
А. желілік маркетинг түріндегі матрицалық жүйені қолданып, шақырылған жаңа салымшылардың санына байланысты әр түрлі деңгейдегі салымшыларды тартқан. Сол арқылы қатысушылар басқа адамдардың жарнасынан кіріс алып отырған.
А. заңсыз іс-әрекетін жасыру үшін «Айсәуле» және «Қазбад» брендтерімен емдік сабын, сұлы сүті қосылған сабын, сүт сабыны, жақпа майды, сусабындарын, бетке арналған маскаларды, сарысулар мен тағамдық қоспалар сияқты нарықтық құны төмен тауарларды пайдалану үшін арнайы стратегияны әзірлеген.
2016-2024 жылдар аралығында пирамиданың қызметі бірқатар «Маркетингтік бағдарламалардың» мұқабасында жарияланған. Салымшылар бағдарламаға байланысты 7 500 теңгеден 1 600 000 теңгеге дейін жарна талап етілген.
Қаржы пирамидасы өз қаражатын кейінірек салған салымшылардың ақшасын бұрын салған адамдардың пайдасына қайта бөлу арқылы жұмыс істеп тұрған. Алайда, А.-ның қаржы пирамидасының қызметі тоқтаған кезде мәселе туындап, компанияға ақша салған соңғы салымшылар өз қаражатын ала алмаған.
2016 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде А. азаматтардың жалпы сомасы 286 миллион теңгеден асатын қаражатын иемдеген. Яғни аса ірі мөлшерде, оның ішінде 35 жәбірленушіге жалпы сомасы 16 миллион теңгеден асатын материалдық зиян келтірген.
Сот тергеу қорытындысы бойынша А. қаржы (инвестициялық) пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін кінәлі деп таныды. Осылайша әйел мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.