Аягөз гарнизонында сарбаз менингиттен қайтыс болды

Абай облысындағы Аягөз гарнизонында әскери борышын өтеп жүрген сарбаз менингиттен қайтыс болды деп хабарлайды Kursiv.Media. Марқұм биыл 25 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласынан әскерге аттанған. 16 мамырда кешке сарбаз өзін жайсыз сезініп тұрғанын, дене қызуы көтерілгенін айтқан. Ізінше ауруханаға жатқызылған.
Қазақстан қарулы күштеріне қарасты құрлық әскері қолбасшылығының баспасөз қызметі сарбаз емделгенімен жағдайы жақсармағанын, 17 мамырда қосымша тексеру жүргізілгеннен кейін, Аягөз аудандық орталық ауруханасына жатқызылғанын жазды. 18 мамырда сарбаздың жағдайы күрт нашарлап, жан сақтау бөліміне түскен.
«17 мамырда қосымша тексеру жүргізілді, оның ішінде УДЗ (бас және мойын тамырларының ультрадыбыстық доплерографиясы – ред.) және КТ (компьютерлік томография) жүргізілді. Нәтижесінде науқас әрі қарай ем алу үшін Аягөздің орталық аудандық ауруханасына ауыстырылды. 18 мамырда сарбаздың жағдайы күрт нашарлады. Жан сақтау бөлімінде көрсетілген барлық медициналық көмек пен қарқынды терапияға қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Өзін марқұмның туысымын деп таныстырған әйел Kursiv.Media-ға Аягөз аудандық орталық ауруханасында 19 мамырда түсірілген видеоны жіберді. Онда ауруханада әскерилер мен сарбаздың анасы аурухана дәлізінде тұрғанын көруге болады.
Марқұмның анасының сөзінше, баласының денсаулығы әскерге жарамаған. Бұл туралы ескерткенімен, әскерилер «қылмыстық жауапкершілікке тартыласыңдар, айыппұл төлейсіңдер» деген. Көп өтпей оны әскерилер Аягөзге алып кеткен. Әскери бөлімге келгеннен кейін, сарбаз қандай да бір шағым айтпаған. 18 мамыр күні әскерилер ата-анасына Аягөзге тез жетуін сұраған. Олар 19 мамыр күні жеткен.
«Ауруханаға келсем балам ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр екен. Мені танымады. Жүрегі ғана соғып тұрды. Түсте балам қайтты», – дейді сарбаздың анасы жылап.
20 мамыр күні марқұмның ата-анасымен бірге сарбаздың мәйітіне сот-медициналық сараптама жүргізілген. Тексеру кезінде ата-анасы баласының менингит ауруына шалдыққанына көз жеткізген.
«Қазірге ештеңе айта алмаймыз. Ауырып жүрген бауырымды денсаулығы жарамаса да әскерге жіберген әскери бөлім қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалыпты. Тергеу нәтижесін күтеміз», – деді марқұмның туысы.
Сарбаздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын Қазақстан қарулы күштеріне қарасты құрлық әскері қолбасшылығының баспасөз қызметі де жазды.
Кеше әскерилер сарбаздың денесін туыстарына берді. Қазақстан қарулы күштеріне қарасты құрлық әскері қолбасшылығы сарбаздың жақындары мен туыстарына көңіл айтып, тиісті көмектің барлығы көрсетілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, осыған дейін Жаркент қаласындағы әскери горнизонда капитан қайтыс болғаны туралы жазған едік.