Жаңалықтар

Шымкентте кәсіпкерлер «Даму бала» шартының өзгеруіне қарсы шықты

Шымкентте кәсіпкерлер «Даму бала» шартының өзгеруіне қарсы шықты
Шымкентте кәсіпкерлер «Даму бала» шартының өзгеруіне қарсы шықты / Фото: Shuttertsock

20 мамыр күні Шымкент қаласы әкімдігі алдына жиналған ондаған кәсіпкер 1 шілдеден бастап «Даму бала» жобасына қатысу шарттарының өзгеретініне қарсылық білдірді. Олар жаңа ереже бекісе мыңдаған бала үйірмеден шығып, кәсіпкерлер жұмысын жабуы мүмкін деп отыр. Ал қала әкімдігі жаңа ережелер енетінін жоққа шығармайды. Бірақ кәсіпкерлердің уәжімен келіспейді.

«Солнышко» арт студиясының жетекшісі, кәсіпкер Алена Шагееваның айтуынша, 1 шілдеден бастап «Даму бала» жобасына қатысу шарттары өзгеретіні жөнінде хабар берілген. Бірақ болатын өзгерісті қоғамдық талқылауға салмаған, кәсіпкерлерді оған араластырмаған.

 «Мысалы, тариф үш есе азайып, балалар жаттығатын ғимарат жеке тұруы керек, дабыл түймесі мен турникет орнату міндетті екенін айтады. Оқушылар сарайында жаттығатын оқушылар мен біз жаттықтыратын оқушыларды бөліп-жарып, екі түрлі жағдай жасалады. Мысалы, оқушылар сарайындағы үйірмелерге баратын балалар бірінші кезекте жобаға қатыса алады. Меніңше, бұл жобаға тұсау салу», – дейді Шагеева.

Шагееваның арт студиясында 160 бала сурет салып үйренеді. Студия балаларға қажетті кеңсе тауарларына дейін сатып алады. Қазір «Даму бала» жобасымен әр балаға айына 15 мың төленеді. Жаңа ережеге сай төлем ақысы азайып 5 мың теңгеге түседі.

«Төлем азайып, талап күшейсе, үйірмені жабуға тура келеді. Ал ата-аналардың бәрі бірдей балаларын ақылы үйірмеге беруге қалтасы көтермейді. Мысалы, шамамен 25 мың бала «Даму бала» жобасымен үйірмелерге барады. Одан бөлек қалада 12 мың бала кезегін күтіп тұр», – дейді кәсіпкер.

Жиналған кәсіпкерлер «Даму бала» жобасына жаңа ережелерді енгізуге қарсы. Кәсіпкерлер жаңа шарт бойынша әр балаға ай сайын 5 мың теңгеден төлем жасалса, олар пайда таппақ түгілі шығынын өтей алмайды. Мұндайда үйірмелердің дені өз жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Шагееваның сөзін «Биоритм» би мектебінің жетекшісі, кәсіпкер Светлана Долина қолдап отыр. Оның айтуынша, жаңа талаппен жұмыс істеу мүмкін емес.  

«Мысалы, менде балалар жаттығатын үлкен жеке тұрған ғимарат бар. Жаңа ереже бойынша екі баспалдақ болуы шарт деп отыр. Ол менде жоқ. Мұндай ғимаратты жалға алсаңыз айына миллион теңге төлейсіз. Кәсіпкерлердің дерлік 90 пайызы ғимаратты жалға алып отыр. Ғимаратқа қойылған жаңа талапты орындау мүмкін емес. Үйірмелерге турникет қою талабы ақылға сыймайды. Балалар жаттығатын үйірмелерге дабыл түймесін қоюдың қандай қажеттілігі бар? Түсініксіз, сұрақ көп. Сондықтан қала әкімінен жауап беруін сұрап келдік», – дейді ол.

Жиналғандардың сұрағына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жауап беру үшін шықты. Ол «Даму бала» жобасына жаңа ережелер енетінін растады. Дегенмен төлемақы 5 мың теңгеге төмендейді деген ақпаратты жоққа шығарады.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, жобаға жаңа ереже енгізу кезінде кәсіпкерлердің талқылауына салу заңда көрсетілмеген. Шымкенттегі жалпы орта мектептерде 271 316 бала оқиды. Ал қосымша білім алатын бала саны бұдан артық.

«Тариф көлемі әлі талқыланып жатыр. Бір балаға 15 мыңнан 25 мың теңге шамасында ақша бөлу қарастырылып жатыр. Ереже әлі бекітілмеген. Қазір талқылау жүріп жатыр. Біз қосымша білімге бағытталған ақша тиімді жұмсалсын дейміз. Жеке өзім бір білім беру ұйымында 4600 бала тіркелгенімен, мың бала барып жүргеніне куә болдым. Біз тексеру жүргізуге мәжбүр болдық. Қазір жаңа жүйе орнатып жатырмыз. Бұл талаптар барлығына бірдей қойылады», – деді қала әкімінің орынбасары.

Жаңа ережелер бекімегенімен кәсіпкерлер олардың үніне ресми орындар құлақ асады деп үміттенеді. Өйткені бағдарлама шарты қатайып, үйірмелер жабылса он мыңдаған бала қосымша білімнен қағылуы мүмкін. Жиналғандар, әсіресе, көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар ақылы үйірмелерге бара алмай қалатынын алға тартып отыр.