«Бәріміз ауылдың қарапайым баласымыз» – Шерзат ісіндегі басты сотталушы

Талдықорғанда өтіп жатқан жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот отырысында сотталушы Абзал Шынасыл «Хуторский» қылмыстық тобына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KursivMedia.
Сотталушының айтуынша, Хутор – Тұрар Рысқұлов ауылының бұрынғы аты.
«БАҚ-та бандит, хуторский деп жауыз қылып жіберді. Ешқандай қатысымыз жоқ. Бәріміз ауылдың қарапайым баласымыз. Хутор деген ауылдың бұрынғы аты, қазіргі аты – Тұрар Рысқұлов. Неге олай айтып жатқанын білмеймін», – деді сотталушы Шынасыл.
Сот барысында Шынасыл өзіне тағылған айыпты жартылай мойындайтынын мәлімдеді.
Айыптау актісіне сәйкес, Абзал Шынасыл қоғамдық тәртіпті қоғамды құрметтемеу анық көрінетін, азаматтарға қарсы күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, пышақты қолданумен, сол сияқты барынша арсыздықпен ерекшеленетін әдепсіз әрекет жасаумен ұштасқан аса қатыгездікпен бұзушылық іс-әрекеттерін жасаған. Сондай-ақ ол Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағында (адам өлтіру) көрсетілген қылмысты жасаған. Шынасылға адам өлтіруге оқталу әрекетіне барды деген де айып тағылған.
Басқа сотталушыларға қандай айып тағылған
Шерзат Полат ісі бойынша 9 адам айыпталып отыр. Олардың ішінде Равиль Сакиев бұзақылық және адам өлтіруге оқталды деп айыпталып отыр.
Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша айыпталған. Ал Азамат Тоқтаубаев бұзақылық және қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша айыпталған. Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру) бойынша сотқа тартылған.