
«Қайрат» футбол клубы Алматының Орталық стадионында америкалық әнші Дженнифер Лопестің концертін өткізуге рұқсат бермеген деп хабарлайды KursivMedia.
2025 жылдың 10 тамызында Орталық стадионда концерт өткізу туралы хабарламаға қатысты клуб мәлімдеме жасады. «Қайрат» ФК бұл күннің клубпен келісілмегенін хабарлады.
«16 мамырда «Қайрат» ФК Алматы қаласының Спорттық нысандар дирекциясынан Орталық стадионды мәдени шараға алдын ала брондау туралы ресми хабарлама алды. Жауап ретінде ресми хатта клуб Қазақстан чемпионаты премьер-лигасының бекітілген спорттық күнтізбесіне, сондай-ақ «Қайрат» футбол клубының еурокубок аясындағы халықаралық міндеттемелеріне байланысты бұл уақытта стадионды пайдалануға болмайтынын хабарлады», – делінген ақпаратта.
Республикалық жарыс күнтізбесіне енген «Қайрат» ФК — «Жеңіс» ФК ресми матчы 9 немесе 10 тамызда стадионда өтеді деп жоспарланған.
Сонымен қатар 7 және 12 тамызда команда еурокубокқа қатысады.
«Осыған байланысты стадион УЕФА талаптарына сәйкес міндетті түрде дайындалады. Бұл күндері басқа шараларды өткізуге болмайды», – делінген футбол клубы мәлімдемесінде.
«Қайрат» ФК мәдени бастамаларға құрметпен қарайтынын әрі диалогқа ашық екенін жеткізді.
«Біз Орталық стадионды пайдалану кестесін әзірлеуде барлық мүдделі тараптың одан әрі сындарлы өзара әрекетін күтеміз», – деп түйіндеген.
Айта кетейік, Дженнифер Лопес 10 тамызда Алматы қаласында концерт өткізетіні туралы ақпаратты «Астана концерт» компаниясының продюсері Малик Хасенов Динара Сәтжан жүргізетін бағдарламаның эфирінде айтқан.
Ал Лопестің Қазақстандағы алғашқы концерті 1 тамызда Астана қаласында өтеді.