Испан компаниясы елдегі су инфрақұрылымын дамытуға қызығушылық танытып отыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Испан компаниясы елдегі су инфрақұрылымын дамытуға қатысады/фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Испаниялық Aqualia компаниясы Қазақстанда кәріздік тазарту кешенінің құрылысы мен жаңғырту жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев делегациямен кездесу өткізген. Келіссөз барысында Aqualia компаниясының Орталық Азия бойынша бас директоры Хосе Мигель Сантос Гонсалес кәсіпорынның Еуропа, Латын Америкасы, Солтүстік Африка және Батыс Азияның 18 елінде жобаларды жүзеге асыру арқылы үлкен халықаралық тәжірибеге ие екенін айтқан. Сондай-ақ елдегі су инфрақұрылымын дамытуға үлес қосуға дайын екенін жеткізген.

«Тараптар Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы саланың инвестициялық әлеуетін, отандық өндірушілерді қолдау және өзара ынтымақтастықтың басқа да мүмкіндіктерін талқылады. Қанат Бозымбаев компанияны еліміздегі кәріздік тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңарту жобаларына қатысу мүмкіндігін қарастыруға шақырды», – делінген ресми ақпаратта.

Кездесу нәтижесінде компанияның қалаларда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігін қарастыру туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ оқыңыз