Сотта марқұм Шерзат Полаттың мәйіті түсірілген фото көрсетілді

Талдықорғанда өтіп жатқан сот отырысында Шерзат Полат мәйіті түсірілген фото көрсетілді, деп хабарлайды KursivMedia.
21 мамырдағы сот отырысында сотталушы Абзал Шынасылдан жауап алынды. Сотталушыға сұрақ қою барысында жәбірленуші тараптың адвокаттары марқұм Шерзат Полаттың мәйіті түсірілген фотоны көрсетті.
«Сот отырысында Гүлбара Бишембиева «баламның бетінде және денесінде жарақат болды» деп айтты. Мына дене жарақатына қатысты не айта аласыз?» деп сұрады фотоны көрсеткен жәбірленушінің адвокаты.
Сотталушы Абзал Шынасыл «білмеймін, Шерзатқа менің қолым тиген жоқ, Шерзат мені ұрған жоқ» деп жауап берді.
Айта кетейік, Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталған.