Сәкен Мамаш ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 29 мамырда өтеді

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамаштың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 29 мамырда өтеді, деп хабарлайды KursivMedia. Бұл туралы Астана қаласы сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, қылмыстық іс Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралады.
Алдын ала сот тыңдауы кезінде қылмыстық іс қаралмайды, отырыс тек ұйымдастыру мәселелеріне арналады.
Алдын ала сот отырысы барысында басты сот талқылауы өтетін күн белгіленеді.
Айта кетейік, БАӘ-дегі қазақстандық дипломат Сәкен Мамаш 2024 жылдың мамырында елге шғыл қайтарылды. Бұған дипломаттың әйелі 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтып, мемлекеттен көмек сұрағаны себеп болды.
Содан кейін іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеуді Астана қаласы Есіл ауданы полиция басқармасы жүргізді. Іс Қылмыстық кодекстің 110-бабы (қинау) бойынша жүргізілген.
Бастапқыда 2025 жылдың 18 сәуірінде қылмыстық іс айыптау актісімен бірге Астана прокуратурасына жолданған. Күдіктінің қорғаушысының өтініші негізінде іс құжаттары 27 наурызда қосымша тергеу жүргізу үшін полицияға қайтарылған.
Сәкен Мамаш 2025 жылдың 4 сәуірінде қамауға алынды. Бұған дейін істің сотқа түскені хабарланды.