
Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 21 мамырдағы сот отырысында сотталушы Абзал Шынасыл жауап беріп жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.
Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.
Шынасыл өзіне тағылған айыпты жартылай мойындайтынын мәлімдеді.
«…Шерзат Полат құлады. Неден құлағаным білмейді екенмін. Шалынып құлаған шығар дедім. Ол отырды. «Скорый» деп айғайлаған кезде барып тептім ұрдым. Сол кезде арқамнан біреу тартты. Танымайды екенмін. Ол Әскентай Дархан екен. Оны танымаған соң ,екі рет ұрып жібердім. Нұрқанат қашып кетті екен десем, оны сүйреп алып кеткен екен. Оның шалбарынан құйымшақ жағы ашық жатыр екен. Төс қалтамдағы пышақты алдым да, жамбасына үш рет сұғып алдым», – деді сотталушы Абзал Шынасыл.
Ол оқиға орнынан кеткен соң, пышақта қол іздері қалмауы үшін жуып, лақтырып жібергенін айтты.
Сондай-ақ сотталушы тергеу барысында Шерзат Полатты өлтіргенін мойындағанын айтты.
«Талғарда тергеушілер «мұны бір адам істеді, бір адам мойнына алмаса қиын болады» деді. Топ болып кетесіңдер деп айтты. Сонымен бізді Қонаев қаласына алып кететін болды. Көлік ішінде сөйлестік. Равиль Сакиев «бір адам мойындамаса бәрімізге қиын болады» деді. Іштей ойландым да, мойныма алайын дедім. «Шерзатты мен мойныма аламын, бірақ Нұрқанаттың жамбасына тыққан пышақты Шыңғыс мойнына алатын болып шешті», – деді сотталушы Шынасыл.
Басқа сотталушыларға қандай айып тағылған
Шерзат Полат ісі бойынша 9 сотталушы бар. Олардың ішінде Равиль Сакиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу) бойынша айыпталып отыр.
Шыңғыс Белғожаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дархан Әскентай – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Нұрбол Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Азамат Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық);
Нұрқияс Ілиясов – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дидар Қалиахмет – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Думан Ысқақ (2007 жылы туған) – қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру).