«ҚазМұнайГаз» топ-менеджерлеріне 500 млн теңге сыйақы төлеген

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы былтыр басқарма мүшелеріне 500 млн теңгеге жуық сыйақы төлеген. Жалпы төленген сома — 497 815 040 теңге, яғни 2024 жылғы курс бойынша 1 миллион АҚШ долларынан асады деп жазады Finmentor.kz телеграм арнасы.
Бұл ақпарат жария компаниялар үшін қойылатын талаптар аясында ашық түрде жарияланған. КМГ мәліметінше, бұл сомаға барлық төлем — жалақы, жылдық бонустар және басқа да қаржылай ынталандырулар кіреді.
Әр басқарма мүшесіне жылына 50 млн теңге төленген
2024 жылы «ҚазМұнайГаз» Басқармасында 10 адам болған. Яғни, орта есеппен әрқайсысына жылына 49,8 млн теңге, ал ай сайын 4,1 млн теңге шамасында төленген. Бұл — ай сайынғы есеп бойынша шамамен 8,800 АҚШ доллары деген сөз
«ҚазМұнайГаз» былтыр 1,09 трлн теңге таза пайда алды. Компания 2024 жыл үшін акционеріне 300 млрд теңге дивиденд төлемек.