Қазақстан Түрікменстаннан газ сатып алып, кен орындарын бірлесіп игермек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстан Түрікменстаннан газ сатып алады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Мәжіліс Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру туралы келісімді ратификациялады. Құжатты Мәжіліс отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров таныстырды.

Заң жобасы талқыланған кезде депутаттар СІМ өкілінен келісім қандай салаларға бағытталғанын және Қазақстан нақты қай жерге инвестиция салатынын сұрады.

«Бұл келісіммен қамтылатын негізгі салалар — энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымдық жобалар және өндіріс. Атап айтқанда, Қазақстан түрікмен газын импорттауға қызығушылық танытып отыр. Осыған байланысты қолданыстағы газ құбырларын кеңейту, сондай-ақ Түрікменстан аумағындағы газ кен орындарын бірлесіп игеру жоспарланған» — деді Қуантыров.

Аталған келісімге 2024 жылғы 10 қазанда Ашхабадта қол қойылған. Онда ұлттық және шетелдік инвесторлар үшін тең жағдай жасау, өтемақысыз экспроприациядан қорғау кепілдігі, сондай-ақ инвестициялық дауларды ұлттық соттарда немесе халықаралық арбитраж арқылы шешу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұған дейін Қазақстанның Түрікменстандағы алып газ кен орны — «Галкынышты» игеру жобасына қатысқысы келетіні хабарланған еді. Осыған орай «Курсив» басылымы Энергетика министрлігіне сауал жолдаған болатын. Министрлік мынадай жауап берді:

«Қазіргі таңда QazaqGaz бен «Түркменгаз» арасында «Галкыныш» кен орнының үшінші кезеңін бірлесіп игеру бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Алайда бұл келіссөздер құпия сипатта болғандықтан, нақты ақпарат беру мүмкін емес».

«Галкыныш» кен орнын «Туркменгаз» Қытай, Корея және БАӘ серіктестерімен бірлесіп игеріп жатыр. Жобаға шамамен 10 миллиард доллар инвестиция салынған, оның 8 миллиарды Қытайдан несие ретінде берілген. Жалпы, кен орынды игеру жеті кезеңнен тұрады.

Сондай-ақ оқыңыз