Дензел Вашингтон Канн фестивалінде «Алтын пальма бұтағын» алды

Жарияланды 21 Мамыр 2025 14:25

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Дензел Вашингтон «Алтын пальма бұтағын» алды / фото: shutterstock

Канн кинофестивалінің президенті Тьерри Фремо әйгілі голливудтық актер Дензел Вашингтонға құрметті «Алтын пальма бұтағын» табыстады. Бұл сыйлық актердің киноиндустриядағы үздіксіз еңбегі мен мансап жолындағы жетістіктеріне берілді.

Айта кетерлігі, бұл марапат алдын ала жарияланбаған. Сыйлықты тапсыру рәсімі күтпеген жерден, Дензел Вашингтон мен режиссер Спайк Лидің жаңа бірлескен туындысы — «Жұмақ пен тозақ» атты қылмыстық триллердің премьерасы алдында өтті.

Бұл мен үшін үлкен тосынсый болды. Шын жүректен алғыс айтамын. Каннға қайта оралып, Спайкпен бірге жұмыс істеу — мен үшін зор құрмет. Біз, осында жиналғандар, өте бақытты адамдармыз. Кино түсіреміз, смокинг киіп, әдемі киініп, сол үшін ақы да аламыз. Бұл — үлкен бақ, — деді сахнада сөз сөйлеген Дензел Вашингтон.

«Жұмақ пен тозақ» фильмі жапон режиссері Акира Куросаваның аттас әлеуметтік детективіне негізделген және Канн фестивалінде байқау аясынан тыс көрсетілді. Бұл — Вашингтон мен Спайк Лидің бесінші бірлескен жұмысы.

Бұған дейін, 13 мамыр күні өткен Канн фестивалінің ашылу салтанатында дәл осы құрметті «Алтын пальма бұтағымен» Роберт Де Ниро марапатталған еді. Өткен жылы бұл сыйлық Джордж Лукаске, Мэрил Стрипке және алғаш рет жеке тұлға емес, тұтас шығармашылық ұжым — Studio Ghibli анимациялық студиясына берілген болатын.

Айта кетейік, қазақстандық «Ауру» фильмі халықаралық кино нарығына шығып, Францияның Канн қаласында көрсетілімі бастау алып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз