Дженнифер Лопес Алматыда концерт беретін болды

Жарияланды 21 Мамыр 2025 16:57

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Дженнифер Лопес Алматыда концерт беретін болды / фото: shutterstock

Танымал америкалық әнші, актриса Дженнифер Лопес 10 тамыз күні Алматы қаласында концерт өткізеді. Бұл туралы «Астана концерт» компаниясының продюсері Малик Хасенов Динара Сәтжан жүргізетін бағдарламаның эфирінде мәлімдеді.

Лопестің Қазақстандағы алғашқы концерті 1 тамызда Астана қаласында өтеді. Ұйымдастырушылар әншінің жанкүйерлері өте көп екенін ескере отырып, Алматыда қосымша концерт өткізуді ұйғарған.

Көптеген тыңдарман Джей Лоның концертін көруге мүмкіндік ала алмай қалды. Сондықтан біз екінші концерт ұйымдастыруды жөн көрдік. Алматыдағы шоу 10 тамызға жоспарланып отыр, — деді Хасенов.

Айта кетейік, Астанадағы концертке билеттер сатылымы 11 сәуір күні таңғы 11:00-де басталған. Алайда сайт бірден адамның көптігіне шыдамай, техникалық ақауларға ұшыраған. Кейбір қолданушылардан ақша алынғанымен, билет берілмегені жөнінде шағымдар түсті. Соған қарамастан, барлық билеттер бірнеше сағат ішінде сатылып кеткен. Осыған байланысты Ticketon компаниясы кешірім сұрап, кей клиенттерге ақшасын қайтарған болатын.

Алматыдағы концерттің билеттері қашан сатылымға шығатыны әзірге нақты белгісіз. Концерт өтетін жер ретінде Алматының орталық стадионы қарастырылып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз