Орындалмаған мемлекет уәдесі: «Дипломмен ауылға» барған дәрігерлер ақшасыз қалған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Ауылға барған дәрігерлер уәде етілген қаражатты алмаған / Фото: shutterstock

Мемлекет ауыл тұрғындарының денсаулығына алаңдаушылық танытып, елдімекендерге қалада оқыған білікті мамандарды тарту үшін дәрігерлерді ынталандыру тетігін енгізді. Оған сәйкес, ауылға жұмысқа барған дәрігерлер 8,5 млн теңге көлемінде бірреттік төлем алуы керек. Депутат Нұртай Сабильянов кей өңірлерде уәде етілген қаражаттың берілмегінен айтып, премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдады деп хабарлайды KursivMedia.

Абай облысы тапшы дәрігерлер тізімін әлі айқындамаған

«2024 жылы 17 облыстың алтауында ауылдық елдімекендерге жұмыс істеуге барған медицина қызметкерлеріне біржолғы ақшалай төлем төленбеген», – деді депутат.

Заңға сәйкес, облыс, республикалық маңызы бар қаланың, Астананың әкімдігі ауылдық елдімекендердегі аса тапшы медициналық мамандықтар тізімін айқындап, ауылдарға сол тізімге сай келетін мамандар тартылуы керек. Бірақ Абай облысы әлі күнге дейін өңірге қажетті медициналық мамандықтарды айқындамаған. Салдарынан бұл өңірге барған мамандарға тиісті біржолғы көмек берілмеген.

Әсіресе, «жалпы тәжірибелік дәрігер», «дәрігер терапевт» мамандарын елдің 7 өңірі тапшы мамандар тізбегіне енгізбеген. Депутат бұл сала дәрігерлерінің үлкен мен кішіге бірдей медицинылық көмек көрсете алатынын айтып, аталмыш мамандықты сұранысқа ие мамандар тізіміне енгізу мәселесін көтерді.

Тапшы мамандар тізімі

«Ауылдық елдімекендер үшін аса тапшы медициналық мамандықтар тізбесіне «жалпы тәжірибелік дәрігер», «дәрігер терапевт» мамандарын енгізуді, Абай облысы бойынша аса тапшы медициналық мамандықтар тізбесін шұғыл түрде бекітуді сұраймыз», – дейді Сабильянов.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ауылдық елдімекендерге жұмысқа барған медицина саласының мамандарына  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бір реттік төлем берілетінін мәлімдеген. Министр де қаражаттың аса қажетті мамандарға берілетінін, кей өңірлердің дәрігерлерге ақшасын бермей жатқанын тілге тиек еткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз