Депутат көлікті сақтандыру нормаларының Конституцияға қайшы екенін айтты

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тиімді автосақтандыру: полиске рәсімдеуде қалай ақша үнемдеуге болады? /Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Көлікті сақтандыру бағасы неге қымбаттап жатыр? /Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Соңғы уақытта көлікті сақтандыру қызметі қымбаттап кетті. Бұл мәселеге Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев та назар аударды.

Депутат 2024 жылдың соңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған қаулының бірқатар нормасын конституцияға қайшы деп санайды.

«Бұл қаулыны жүргізушілердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жетілдіреді деп айту қиын. Құжат елімізде тіркелген 6 миллионға жуық көлік иелеріне тікелей қатысты болса да, олардың пікірі сұралмастан, сала өкілдерінің қатысуынсыз бір жақты қабылданған. Соның салдарынан аталған қаулы жүргізушілерді сақтандырудың тиімділігін арттырудың орнына, керісінше олардың қалтасына артық салмақ салып, бірқатар нормасы Конституцияға қайшы келіп отыр», – дейді депутат.

Баға екі-үш есе көтерілген

Айтуынша, 2025 жылғы 7 сәуірден бастап өңірлер бойынша сақтандыру премиясы негізсіз көтерілген. Сақтандыру тарифтері екі жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда, екі есе өсіп, шамамен 78 мың теңгені құраған. Ал Астанада баға үш есе артып, 112 000 теңгеге бірақ жеткен.

«Яғни жаңадан көлігін тіркеген жүргізуші астаналық азамат енді 36 мың емес, 112 мың теңге төлесе, алматылықтар кемі 78 мың теңге, ал өзге өңір тұрғындары 40 мың теңгеге жуық сомаға сақтандыру полисін сатып алады», – дейді Бейсенбаев.  

Шетел азаматтарына жеңілдік берілген

Сонымен бірге депутат қаулыда сақтандыру коэффициентіне қатысты азаматтар арасында теңсіздік туғызатын норма бар екенін айтады.

«Мәселен, Қазақстан азаматы алғаш рет сақтандыру жасаса – А класы (1.8 коэффициент), ал шетелдік азаматқа бірден жоғарғы класс – 13-ші санат (0.5 коэффициент) қолданылады. Нәтижесінде, еліміздің жас жүргізушісі 80 000 теңге төлесе, ал шетелдік азаматқа бірден 50  пайыз жеңілдік беріледі. Айырмашылығы жер мен көктей! Бұл Ата заңымызда бекітілген «заң алдындағы теңдік» принципін өрескел бұзып отыр», – дейді депутат.

Тіпті скутер мен мопед жүргізушілері үшін де сақтандыру қымбаттап, 7 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін көтерілген. Бейсенбаев мұндай баға курьер ретінде табыс тауып жүрген жастар мен табысы төмен азаматтардың қалтасына едәуір салмақ түсіретінін айтады.

Айта кетсек, KursivMedia басылымы автосақтандыру құнын төмендету бойынша бірқатар лайфхактар ұсынған. Сақтандыру саласындағы жеңілдіктермен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз