Оқу жылының бітуіне санаулы күн қалғанда мектептерге комиссия келіп жатыр (видео)

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Оқу жылының соңында мектептерге келген комиссия заңгерді ашуландырды / фото: shutterstock
Оқу жылының соңында мектептерге келген комиссия заңгерді ашуландырды / фото: shutterstock

Оқу жылының бітуіне санаулы күн қалғанда мектептерді тексеру заңгер, қоғам белсендісі Сауле Бикитееваның ашуын тудырды.

Сауле Бикитеева Алматы облысы Қарасай ауданындағы мектептерді тексеруге келген комиссия өкілімен арадағы дау-дамайды әлеуметтік желіге жария етті.

«Тексеру жүргізу үшін прокуратурадан рұқсат керек»

«Дана ханым, айтыңызшы. Бұл жерге неге келдіңіздер? Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұйрық берді дейсіз. Неге тоқтатпайсыздар? Мынау масқара ғой. Сіздер білесіздер, ҰБТ болып жатыр. Соңғы қоңырауға аз күн ғана қалды. Неге тексеріп жатырсыздар?» – деп ашуланды заңгер.

Заңгердің айтуынша, тексеру жүргізу үшін прокуратурадан рұқсат керек. Комиссия ата-аналардың рұқсатынсыз, балалардан сауалнама алған. Оқу жылының соңында тексеруді орынсыз дейді.

«Мұғалімдер титықтағанша жұмыс істейді. Олар балалардың емтиханын ойлай ма? ҰБТ-ны ойлай ма? Әлде сіздердің тексерістеріңізді ойлай ма?», – деп сауал тастады.

Комиссия өкілі «көмектесуге» келгенін айтты

Комиссия өкілі мектептерді жазалау үшін келмегенін, әдістемелік көмек көрсететінін айтты.

«Мен бұл жерде екінші күн жүрмін. Нысандағы кемшіліктерді көріп отырмын. Мен оларға мұны түзетуге көмектесіп жатырмын. Біз мектептегі психологиялық климатты зерттеп жатырмыз», – деп ақталды комиссия мүшесі.  

Заңгер неге наразы?

Заңгерлердің бірі комиссия мүшесіне, ата-аналардың рұқсатынсыз сауалнама жүргізуге болмайтынын айтты. Тіпті, ата-аналардың келісімінсіз психологтар да балалармен жұмыс жүргізе алмайтынын алға тартты.

Сауле Бикитеева «мұндай көмекті» оқу жылының бітуіне бірнеше күн қалғанда емес, басында не ортасында берілмегеніне наразылық білдірді. Өйткені қазір балалар түрлі сынақ тапсырып жатыр. Мектеп жұмысы қауырт.

Мұғалімдердің бірі қоғам белсенділерінің мектептердің ісіне араласып, араша түскеніне ризашылық білдірген.

Мұның алдында техникалық колледждерде діни сабақтар өтіп келгені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз