Жаңалықтар

Sax Invest құрылымдық бөлімшелерін басқарған 10 адам күдікті деп танылды

Sax Invest 9 млрд теңгеден астам қаражат тартып үлгерген / фото: shutterstock
Sax Invest 9 млрд теңгеден астам қаражат тартып үлгерген / фото: shutterstock

Sax Invest құрылымдық бөлімшелерін басқарған 10 адам күдікті деп танылды. Оларға тиесілі активтерге тыйым салынды.  

Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Sax Invest қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

9 млрд теңге қаражат тартқан

Аталған компания өзін инвестициялық қор, бағалы қағаздар, қаржы құралдары мен басқа да активтердің иесі деп таныстырған. Сондай-ақ Африкада алмаз өндіру бойынша жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы деп көрсеткен.

Ұйымдастырушылар мыңнан астам салымшыдан 9 млрд теңгеден астам қаражат тартып үлгеріпті.

Тергеу барысында бұл қаражаттың көп бөлігі пирамиданың ұйымдастырушысы Мендығалиевтің жеке шотына аударылғаны анықталып отыр.

Казиноға – 2 млрд теңге

Ол болса, бұл қаражатты қалауынша жұмсаған. Казиноға 2 млрд теңге, «Блайсико» атты бақылауындағы компанияның үлесін сатып алуға 28 млн теңге құртқан. Атырау қаласындағы екі пәтерге 70 млн теңге, жеке үй құрылысына 120 млн теңге жұмсапты. Шетелде демалуға 377 млн теңге, қызының Лондонда оқуына 53 млн теңге жұмсаған.

 Қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында 2023 жылдың басында Мендығалиев 143 салымшымен жалпы 1,2 млрд теңгеден астам залалды өтеуге қатысты медиативтік келісімдер жасады.

Ол 2023 жылдың соңына дейін 1000-нан астам салымшыға 7 млрд теңге көлемінде қаражатты қайтарамын деген кепілдік міндеттемелерін берген.

4 пәтер, 2 жеке үй, 2 автокөлік, цифрлық актив, банк бағалы қағаздары

Алайда салымшыларға ақшасын қайтармай, сан соқтырып кеткен. 2024 жылдың қарашасында Мендығалиевке халықаралық іздеу жарияланды.

Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі жалпы құны 600 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Оның ішінде 4 пәтер, 2 жеке үй, 2 автокөлік бар. Бұдан бөлек, 10 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтер мен ForteBank пен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның бағалы қағаздары да бар.

Күдікті ретінде Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларындағы қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарған 10 адам танылды.

24-36%-ға дейін табыс тақырға отырғызды

 Олардың 7-іне қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып отыр.

Мұның алдында  Қаржылық мониторинг агенттігі Sax Invest-тің таза қаржы пирамидасы екенін анықтап отыр. Жарнамаларын қарша боратып, 24-36%-ға дейін табыс табуға болады деп сендіруге ұмтылады.

Соңғы 5 жыл ішінде Маңғыстауда 100-ден астам салымшы алданды.