Депутат криптовалюта сақтайтын мемлекеттік резерв құруды ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Криптовалюта
Фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков криптовалютаны сақтау үшін Ұлттық банк жанынан мемлекеттік резерв құруды ұсынды. Бұл туралы ол Мәжіліс палатасының пленарлық отырысында айтты.

Депутаттың сөзінше, парламенттік бақылау аясында цифрлық активтерді реттеу нарығында олқылықтар анықталған. Олар мемлекеттік институттардың беделіне, азаматтардың қауіпсіздігіне және қаржы жүйесіне қауіп төндіреді.

«Әлі күнге дейін қылмыстық істер аясында тәркіленген криптоактивтерді сақтау мәселесі реттелген жоқ. Екіншіден, жастардың блогерлер мен криптокоучтер арқылы көлеңкелі криптонарыққа жаппай жұмылып жатқаны байқалады. Аталған тұлғалар лицензия алмастан заңсыз платформалар ұсынады, кепілдендірілген табысқа уәде береді, сол арқылы заңнаманы бұзады», – деді Олжас Құспанов.

Аталған мәселелерге байланысты мәжіліс депутаты Ұлттық банк жанынан тәркіленген криптоактивтерді сақтайтын цифрлық резерв құруды ұсынды. Сондай-ақ депутат заңға инвестициялық коучинг деген ұғым енгізіп, лицензия болуын міндеттеу керек деп есептейді.

Осыған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда криптобанк ашу қарастырылып жатқанын айтқан еді. Сондай-ақ цифрлық активтер туралы заңнамаға өзгерістер әзірленіп жатқанын да атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз