«Магнум» сауда желісін бопсалаған блогерлер 7 жылға сотталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Петропавлда «Магнум» және «Семейный» сауда желілерін бопсалаған блогерлер 7 жылға сотталды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы хабарлайды.

Петропавл қаласының екі тұрғыны аталған сауда дүкендеріне барып, «меншік иелерінің мүдделеріне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін» ақпарат жинаған. Кейін ол видеоларды әлеуметтік жарияламас үшін дүкен иелерінен қомақты ақша талап еткен.

«Сотталғандардың кiнәсi жәбiрленушiлердiң, куәлардың айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық iстiң басқа да материалдарымен дәлелденді.  Айыптау үкiмi алқабилер алқасының қатысуымен шығарылып, екi адамға нақты мерзімі 7 жылға бас бостандығынан айыру түрiнде жаза тағайындалды», – деп хабарлайды прокуратурадан.

Бұл неге маңызды?

Блогерлер, әлеуметтік желідегі басқа да аудиториясы көп танымал тұлғалардың мемлекеттік немесе жекеменшік мекеме басшыларын бопсалауы бұған дейін де болған. Былтыр Түркістан облысында блогер мектепте іс-шара өткізетін жетекшілерді бопсалап, 1 млн теңге беруді талап еткен. Жобаның кемшілігін жалпақ жұртқа таратамын деп қорқытқан.

Ал биыл жыл басында Qarmet компаниясының мүлкін ұрлап, бопсалаған қылмыстық топ 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынын айырылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз