Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен тағы қарыз алады

Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (ХҚҚДБ) арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Яғни Қазақстанның халықаралық банктен кезекті қарыз алуына мәжіліс келісімін берді.
Депутат Нұртай Сабильяновтың айтуынша, қарыз туралы келісімге былтыр 12 желтоқсанда қол қойылған.
«Оның (қарыздың – ред.) мақсаты – мұндай қызмет көрсетілмейтін немесе жеткіліксіз деңгейде көрсетілетін ауылдық елді мекендерді сапалы әрі тұрақты кең жолақты байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз ету», – деді депутат.
Былтыр қарашада Қаржы министрлігі халықаралық банктен 275 млрд теңге сомасында қаржы алатынын хабарлаған. Оны министрлік 11 жыл ішінде өтеуі керек.
Бұл неге маңызды?
Қазақстан үкіметі маңызды ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін жиі халықаралық қаржы ұйымдарынан борыш алады. Мысалы, биыл наурызда «Бәйтерек» холдингі Қытайдың ірі банкінен 400 млн юань қарыз алатыны хабарланған. Ол қаржыны ауыл және өсімдік шаруашылықтарына жұмсайды.
Ал былтыр күзде Қаржы министрлігі Азия Даму Банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен де несие алмақшы екендігін жариялады. Олардан сәйкесінше 169 млрд теңге және 170,7 млрд теңге қаржы тартады. Қарыз бюджет тапшылығын жабу үшін қажет.