Lifestyle

Қазақстандық байлардың әйелі немен айналысады?

Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы миллиардерлер мен миллионерлердің не істейтінін, байлығын қалай жиғаны жайлы жиі айтамыз. Бірақ олардың жұбайы, балаларының анасы, өмірлік серігінің кәсібі бар ма? Олар немен айналысады? KursivMedia материалында ұсынамыз.

Нұрлан Смағұловтың жұбайы Мадина Смағұлова

Нұрлан және Мадина Смағұловтар, Әлішер Елікбаев / Фото: Әлішер Елікбаев парақшасынан.

«Астана Моторс» пен MEGA сауда орталығының иесі Нұрлан Смағұловтың жары – Мадина Смағұлова. 1970 жылы желтоқсанда туған. Ашық деректерде миллиардердің жұбайы туралы деректер аз. Бірақ күйеуінің өнерге деген сүйіспеншілігін қолдайды. Алматыдағы Almaty Art Centre атты шығармашылық галереяның директоры болған. Ол жерде шетелдік өнер қайраткерлерінің де көрмесі өтетін еді.

Есесіне, екі жыл бойы Смағұловтың қаржыландыруымен Алматыда Заманауи өнер мұражайының құрылысы жүріп жатыр. Назарбаев пен Әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан 1,7 гектарды алатын ғимарат осы жылы пайдалануға берілуі керек. Құрылысы басталған кездегі шараға Смағұлов жұбайы Мадинамен келген еді. Бірақ, шыны керек, ерлі-зайыптылар көпшілік алдында сирек шығады.

«Менің жұбайым Мадина менің байлықты ұрпаққа жинап қалдыру емес, оны халқымыздың өмірін өзгерте алатын жарқын жобаларға салу туралы ойымды толық қолдайды. Бақытымызға орай, балаларымыз да байлыққа ұмтылмайды, ал біз жұбайымыз екеуміз жаңа дүниелерді жасап, идеяларды жүзеге асырғанды жөн көреміз», – деген еді ол осы жылы Tatler-ге берген сұхбатында.

Айдын Рахымбаев жұбайы – Анар Рахымбаева

Фото: Forbes.kz

Анар Рахымбаева – 7 баланың анасы. Оның ішінде үш баланы балалар үйінен асырап алған. «Аналар үйі» желісінің жетекшісі, кәсіпкер, меценат. Анар Айдынмен ыстық-суықты бірге өткізген. BI Group енді құрылып, Астанадағы алғашқы құрылыстарын бастаған кезде компанияда бірге жұмыс істеді.

«Без мишуры» ютуб-арнасына берген сұхбатында, ата-енесімен бірге тұрғанын, су тасып, келіндік қызмет атқарғанын айтады. Қазір ол қазақстандық миллиардерлер демеушілік ететін «Аналар үйіне» жетекшілік етеді. Бала асырап алу, балалар үйіндегі тәрбие жайлы жиі көтереді.

Одан бөлек «Сен үшін» атты премиум санаттағы киім тігетін шоу-рум иесі. Ironman қатысушысы, салауатты өмір салтын насихаттайды.

Кеңес Рақышевтың жұбайы – Әсел Тасмағамбетова

Фото: ашық дереккөзден

Әсел Тасмағамбетова – саясаткер, мемлекет қайраткер Иманғали Тасмағамбетовтың үлкен қызы. Бизнесмен Кеңес Рақышевтың жұбайы. Екеуі студент кездерінде үйленген, екі қыз, екі ұлы бар.

Әсел Тасмағамбетова – қайырымдылықпен белсенді айналысады. Оның «Сәби» атты қоры медициналық ұйымдарға арнап қажетті құрал-жабдықтар сатып алады. Елдегі жас кәсіпкерлерге гранттар бөледі.

2012 жылы Нью-Йоркте Әсел Тасмағамбетова «Кристис» аукцион үйінің қолдауымен қазақтың көне зергерлік бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды. Сол шарада аукцион да өткізіп, 1 млн доллар жинады. Ал қаражатты дарынды қазақстандық жастарды қолдауға жұмсаған.

Күйеуімен бірге Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектепті басқарады. «Telli Öndiris»  атты күтім косметикасын өндіретін жеке кәсіпорны бар. Ал былтыр жеке косметика брендін шығарды. Asiya атты сусабындар мен сабындар жасайды.

Еркін Тәтішевтің жұбайы – Әсел Тәтішева

Әсел Тәтішева
фото: Forbes.kz

Әсел – қазақстандық кәсіпкер, Kusto Group компаниясының иесі Еркін Тәтішевтің әйелі. Еркіннің ағасы Ержан Тәтішев қаржыгер, банкир болған.

Әсел мен Еркін Тәтішев екеуі жұмыста танысқан. Қазір бес баланы тәрбиелеп отыр, оның бірі Даун синдромымен ауырады.

Тәтішева Алматыдағы Aurora space атты дәмхана мен шығармашылық орталығын, Korkemstore атты дүкенді басқарады. Белсенді түрде парақшасын жүргізеді, инстаграмда 19 мың оқырманы бар.

Нұрәлі Әлиевтің жұбайы – Аида Әлиева

Аида Әлиева
Фото: әлеуметтік желілерден

Аида Әлиева – Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, кәсіпкер Нұрәлі Әлиевтің жұбайы, Дариға Назарбаеваның келіні. Оның әкесі Берік Имашев – Орталық сайлау комитетінің төрағасы болды. 2022 жылы Тоқаевтың бұйрығымен қызметінен босады.

Аида – әлеуметтік желілерде белсенді. Оның парақшасына 40 мыңға жуық адам жазылған. Өзін ментор, коуч ретінде таныстырады. Оған дейін интерьер дизайнымен айналысқан. Оқырмандарына «бақытты қарым-қатынас неден басталады», «өзіңді тануға бірінші қадам», «ер адамды қалай мақтау керек» деген тақырыптарды контент ұсынады. Аиданың «Өзін-өзі бағалау» атты шеберлік сабағын 4900 теңгеге сатып алуға болады.

Аида  Zhanartu атты қайырымдылық қорын да құрған еді, құрылтайшысы ретінде оның жұбайы Нұрәлі Әлиев көрсетілген.

Марғұлан Сейсембайдың жұбайы – Сәуле Сейсембай

Фото: әлеуметтік желілерден

Сәуле Сейсембаева – қазақстандық кәсіпкер, инвестор және меценат Марғұлан Сейсембайдың жұбайы, үш қыздың анасы. Әлеуметтік желіні тек өз қызығушылығы үшін ғана пайдаланады. Отбасымен, достарымен түскен суреттерін жариялайды. Өзін коуч, нейроинтеграция бойынша жаттықтырушы деп таныстырады. Сөзінше, клиенттеріне мақсатына жетуге, өмір сапасын сақтауға көмектеседі.

Соңғы жылдары медиаға белсенді шығып, бірнеше подкаста қонақ болды. Сұхбатында Марғұланмен студент кезінде оқуда танысқанын айтады. Үлкен әулеттің келіні болып түскенде де жаңа отбасына сіңісу үшін қиналған. Күйеуі кәсібінен айырылып, интерполдің іздеуінде жүргенде үш қызбен өзі қалған.

«Сол жылдары екі егіз қызымның біреуі қатты ауырды. Мен ауруханаға қызыма, содан кейін түрмедегі күйеуіме баратынмын», – деп еске алады ол.

Арманжан Байтасовтың жұбайы – Диляра Айдарбекова

Диляра Айдарбекова
Фото: әлеуметтік желілерден

Диляра Айдарбекова – қазақстандық бизнесмен, медиамагнат, Forbes Kazakhstan журналының иесі Арманжан Байтасовтың әйелі. Ол да бизнеспен айналысады, инвестиция салады. Әлемдік премиум және люкс киім брендтерінің аутлеті Zatolux дүкенінін иесі.

Диляра жиі саяхаттайды, парақшасында кәсіпкерліктегі әйелдер жайлы жиі айтады.