Илон Маск: Tesla келесі айда робот-таксиді сынақтан өткізеді

Әлемнің ең дәулетті адамы Илон Масктің айтуынша, Tesla 2025 жылғы маусым айының аяғында робот-таксиді сынақтан өткізеді. Бір қалада 1 мың робот-такси қызмет көрсетеді. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Сынақ АҚШ-тың Техас штатындағы Остин қаласында өтеді. Компанияның бас директоры Илон Маск әуелі қаланың түрлі ауданына он шақты робот-такси шығаруды көздеп отыр. Бірнеше айдан соң, олардың саны 1 мыңға дейін жетуі мүмкін.
Компания америкалық қадағалаушы органдардың қарсылығына тап болды. Олар қауіпсіздік мәселесі үшін алаңдайды. Соған қарамастан, миллиардер бұрыннан бері айтып жүрген ойын іске асырмақ.
«Негізі біз сынақты бүкіл Остинде емес, оның ең қауіпсіз аудандарында өткіземіз», – дейді Маск.
Миллиардер саясатқа араласқан уақытта Tesla-ның жағдайы қиындады. Масктің өткір мәлімдемелеріне ренжіген Еуропа оның өнімдерін сатып алуды доғарды. Ал Құрама Штаттарда миллиардердің бюджет қызметкерлерін қысқарту саясатына қарсы шықты. Енді топ-менеджер саясаттан кетіп, кәсіпке көбірек көңіл бөлетінін айтып жүр.
Масктің айтуынша, Tesla ірі автоөндірушілермен FSD бағдарламасына лицензия алу мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Робот-такси осы жүйенің көмегімен қозғалады.
Сонымен бірге миллиардер xAI жасанды интеллект стартапын дамытып жатыр. Оны басқаратын әлемдегі ең ірі суперкомпьютер Мемфис қаласында орналасқан. Ол «Колосс» деп аталады. Стартап Nvidia-ның миллион чипін қолдануды көздеп отыр.
«Әзірге Nvidia өнімдері біз шығарған чиптен әлдеқайда жақсы. Сол себепті біз осы компанияның өнімдерін сатып ала береміз», — деді миллиардер Илон Маск.
Сол үшін кәсіпкер Мемфис қаласы маңынан 1 млн шаршы фут жер сатып алған. Алайда топ-менеджер Tesla мен xAI компанияларын біріктіруді жоспарлап отырған жоқ.
Forbes мәліметінше, Илан Маск дәулеті – 421,2 млрд доллар. Миллиардердің өз арманын жүзеге асыруға ақшасы жеткілікті.