Жас топ-менеджер Шухрат Ибрагимов ERG қожайыны атануға ұмтылады

39 жастағы топ-менеджер Шухрат Ибрагимов Eurasian Resources Group (ERG) тау-кен компаниясының басқару пакетін алуға ұмтылады. Ол Патох Шодиев пен жақында қайтыс болған Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі акцияларды сатып алғысы келеді деп жазды FT.
Келіссөздерге қатысы бар бес түрлі дереккөздің айтуынша, 2024 жылғы қазаннан бері ERG бас директоры қызметін атқаратын Ибрагимов компанияның 40 пайыз акциясын сатып алуды ұсынды. Қазір ол акцияларды Патох Шодиев, сонымен бірге марқұм Машкевичтің мұрагерлері ұстап отыр.
Кезінде 13 млрд фунт-стерлингке бағаланған ірі тау-кен компаниясын 1990-жылдары Шодиев, Машкевич және Алиджан Ибрагимов құрған. Олар Совет одағы ыдыраған соң Қазақстандағы ірі кен орындарын жекешелендіріп алған.
Шухрат әкесінің компаниясында 2015 жылдан бері істейді. 2021 жылы Алиджан Ибрагимов қайтыс болғаннан кейін оның ұлы директорлар кеңесінің құрамына кірді.
2024 жылы Шодиев кеңестегі орнын ұлы Сабир Шодиевке босатып берді. Ал Машкевичті оның немере інісі Эдуард Сурлевич басты.
Басылым мәліметінше, жас топ-менеджердің компания акцияларын сатып алуы туралы келіссөздер былтыр басталған. Биыл наурызда, Машкевич 71 жаста дүние салғаннан кейін, осы мәселе қайта көтерілген. Бұл туралы басылымға екі дереккөз айтқан.
Люксембургте тіркелген компанияның 60% үлесі үш отбасыға теңдей тиесілі. Акциялардың қалған 40%-на Қазақстан үкіметі иелік етеді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ERG-ді америкалық кәсіпкер 5 млрд долларға сатып алғысы келетіні туралы мәлімет тараған. Артынша компания ақпаратты жоққа шығарған.
Бір ай бұрын Қазақстан қаржы министрлігі ERG компаниясындағы 40% үлесін сатпайтынын мәлімдеген.