Кәсіпкерді қолдау: министрлік қаржы тапшылығына орай көмек азайғанын мойындады

Ұлттық экономика министрлігінің өкілі елдегі кәсіпкерлерді қолдауды көздейтін жаңа жобаларға 2025 жылы қаражат аз бөлінгенін қаржы тапшылығымен түсіндірді.
21 мамырда Астанада өткен брифингте Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Дарын Әбдуәлі биыл кәсіпкерлікті субсидиялауға қанша қаржы бөлінгенін жариялады.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша, кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдікпен қаржыландыру шараларымен шамамен 1 трлн теңге кредит сомасына 17 мыңнан аса бизнес жобасы қамтылды. 310 млрд теңге сомасына 8 мың жоба бойынша кепілдік берілді. 2025 жылы кәсіпкерлікті субсидиялауға 275 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр», – деді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, жобалардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында орналасқан. Өңдеу өнеркәсібі, көлік, қойма, сонымен бірге білім беру жобаларына басымдық берілген. Дарын Әбдуәлі кәсіпкерлікті субсидиялауға бөлінген қаражаттың 35 млрд теңгеге азаю себебін қаржы тапшылығымен түсіндірді.
«Былтыр жаңа жобаларға ақша көбірек бөлінді. Бұл жолы жаңа жобаларды қаржы тапшылығына байланысты сәл тоқтатып отырмыз. Сол себепті биыл қаражат былтырға қарағанда сәл аздау», – деп түсіндірді экономика министрлігінің өкілі
Үкіметтің кәсіпкерлерді қолдауы «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылады. Апта басында қор басшысының орынбасары Талғат Смағұлов елдегі қаржы мекемелеріне хат жазып, Алматы қаласындағы кәсіпкерлерді қолдауды көздейтін субсидия шектелетінін ескертті. Хат екінші деңгейлі банктерге, лизинг компанияларына және микроқаржы ұйымдарына жолданды.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, кредиттердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға қаржы тапшы болғандықтан, Алматы қаласы бойынша ҚР үкіметінің 17.09.2024 жылғы №754 қаулысына сай субсидиялар төлемдерін уақытша тоқтатқанын хабарлайды», – деп жазылған «Даму» хатында.
Қор өкілі Смағұлов Астанадағы бүгінгі брифингте ол туралы ештеңе айтпады.
2025 жылғы 19 мамырда қол қойылған хат көшірмесімен Kursiv.Media редакциясы танысып шықты. Осы мәселеге орай туындаған бірнеше сауалды редакция қордың басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевке жолдады. Редакция жауап күтеді.