Құлыбаевтың мұнай компаниясы 28 млрд теңге пайда тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Құлыбаев дивиденд алудан бас тартқан мұнай компания табысы мәлім болды / фото: "Каспий мұнай" мұрағаты
Құлыбаев дивиденд алудан бас тартқан мұнай компания табысы мәлім болды / фото: «Каспий мұнай» мұрағаты

Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Каспий мұнай» компаниясы 2024 жылы 27,8 млрд теңге таза табыс тапты. Бұған дейін миллиардер осы компаниядан дивиденд алудан бас тартқан еді.

Компанияның былтырғы табысы 2023 жылғы көрсеткіштен 8 млрд теңгеге аз. Алайда былтыр мұнай компаниясына 13,7 млрд теңге айыппұл салынғаны мәлім. Әйтпесе оның табысы 40 млрд теңгеден асып кетер еді.

Айта кетерлік тағы бір жайт, 2024 жылы компания өндірісі 8%-ға азайған. 2023 жылы 900 мың, ал былтыр 830 мың тонна мұнай өндірілген.

Соған қарамастан, «Каспий мұнай» салық көлемі жөнінен алғашқы үштікке кіреді. Ол әр тонна мұнайға 85 мың теңге салық төлейді.

«Каспий мұнай» акцияларының 100%-ы Тимур Құлыбаевқа тиесілі. Миллиардер оны Joint Resources компаниясы арқылы басқарып отыр. Компания Атырау облысы Жылыой ауданындағы Айранкөл мұнай кен орнын өндірумен айналысады.

Естеріңізге сала кетейік, миллиардер өзіне тиесілі «Каспий мұнай» компаниясынан 2024 жыл үшін дивиденд алудан бас тартты. Жалғыз акционердің бұл шешімін жақында Қазақстан қор биржасы (KASE) жариялады.

Forbes мәліметінше, Тимур Құлыбаев дәулеті – 5,5 млрд доллар. Әйелі Динара Құлыбаева да осынша байлыққа ие. 16 мамырда екеуінің де дәулеті бір тәулікте 40 млн долларға артқаны мәлім болды.

Сондай-ақ оқыңыз