Туристерге неге мәдени сана қалыптастыру маңызды

Жарияланды 21 Мамыр 2025 08:37

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Қазақстанға турист болып көбіне ер адамдар келеді
Мәдени сана деген не?/ Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кейінгі кездері туризм түсінігінің ауқымы бұрынғыдан кеңейіп келе жатыр. Өйткені «қонақ үй — жағажай — мейрамхана» емес, қазір саяхатшылар барған елінің тұрмыс-тіршілігімен танысып, жақсырақ білгісі келеді. Сол үшін жергілікті тұрғындармен тіл табысып, салт-дәстүрлерімен танысуға тырысады. Осы ретте туристерге мәдени сана қалыптастырудың маңызды екенін айта кету керек. Неге олай? Себебін бүгінгі материалда талдаймыз. 

Мәдени сана деген не?

Мәдени сана деп басқалардың мәдениеті мен салт-дәстүріндегі ерекшеліктерге құрметпен қарап, түсініп, ескеруді айтамыз. Бұл жерде дәстүр туралы білім аздық етеді. Өйткені оның бәрін біліп қана қоймай, соған сай бейімделіп, таптаурындардан аулақ болуыңыз керек.

Бұл жерде:

  • Өзіңізде іштей қалыптасқан таптаурындар мен түсініктерді саралап үйрену маңызды.
  • Белгілі бір салт-дәстүрлердің шығу төркінін түсіне алу керек. Ол әлі күнге дейін неге жалғасып келе жатқанын да ұғыну қажет.
  • Өз қағидаларыңызға сай келмесе де, басқалардың мәдени ерекшеліктерін қабылдай алу керек. Сынамайсыз.
  • Мәдени контексіне қарай қажет болған жағдайда бейімделіп, өзгеруге дайын болуыңыз қажет.
  • Эмпатия өте маңызды. Өзіңізді басқа мәдениет өкілдерінің орнына қоя алатын қабілет керек.

Мәселен:
Африканың кей елдерінде сөйлескен кезде бейвербал коммуникация жасау қалыпты жағдай саналады. Яғни қолын былай да былай сермеп, үзіп-үзіп сөйлеу — норма. Егер бұл ерекшелікті білмесе, турист мұны дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Асылы, мұның бәрі мәдени код десек болады. Осы сияқты ерекшеліктерді елге бармай жатып біліп алған жөн.

Туристерге мәдени сана қалыптастыру неге маңызды?

  1. Мәдени келіспеушілік, қақтығыстың алдын аласыз
    Мысалы, еуропалық турист араб еліне барды делік. Әй-шәй жоқ айналасының бәрін — әйелдерді де суретке түсіре бастады. Біле білсеңіз, араб елдерінің біразында бұл әрекет жеке шекараны бұзу деп қабылданады. Оның соңы қақтығысқа айналып кетуі ғажап емес. Абайламасаңыз, сотқа сүйреуі мүмкін.
  2. Шынайы әсер ала алмай қаласыз
    Саяхат кезінде жергілікті тұрғындардың өмір салтын сезінбесеңіз, онда ол толыққанды сапар болмай қалуы мүмкін. Дәстүрді жақсы білгенде ғана бәрін іштей көресіз. Жергілікті мәдениеттің бір бөлігі бола аласыз.

Мәселен:
Жапонияға бармас бұрын ол жақта шайды қалай ішетінін жақсы біліп барған турист жай ғана шай ішкен болмайды. Ол әр жұтым сайын жаңа сезімге бөленеді. Құдды жергілікті мәдениетпен біте қайнасып жатқандай күй кешеді.

  • Байланыс орнатасыз
    Мәдени сана деп қақтығыстың алдын алуды ғана емес, шынайы байланыс орнатуды да айтамыз. Егер мәдениетіне, салтына құрметпен қарап тұрсаңыз, жергілікті тұрғындар да сізге құшақ жаяды.

Айталық:
Арабтар — өте қонақжай халық. Егер турист олардың осы қасиетін жақсы біліп, шайға шақырғанда қабыл алса, онда ол өзіне мүлдем жаңа әлем ашқандай болады. Мұндай саяхат жай ғана қонақүйден шықпай жатқаннан ерек болары сөзсіз.

  • Саяхаттың әдебін сақтауды үйренесіз
    Мәдени саналы турист елді жақсы танып біліп қана қоймай, жағымсыз әсерді де барынша аз алады. Мысалы Азия елдерінде мешіт/храмдарға кіргенде ашық-шашық киініп кіруге болмайтынын кей туристер біле бермейді. Егер сіз соны ескерсеңіз, онда көп келіспеушіліктен қашып құтылғаныңыз. 

Мәдени сананы қалай дамытамыз?

1. Жолға шықпас бұрын мәдениеті туралы оқыңыз

Саяхат алдында баратын жақтың дәстүрі, тыйымдары туралы хабардар болуыңыз керек. Қазір ақпарат өте көп. Фильм қарап та, кітаптан да, интернеттен де таба аласыз. Тіпті әр елге арналған дайын гайд/қолданба да жетіп артылады.

Мына кітаптарды оқып шықсаңыз болады:

  • The Culture Map — Эрин Мейер
  • Beyond Culture — Эдуард Холл
  • The Silent Language — Эдуард Холл

2. Жергілікті халықпен араласыңыз

Елдің мәдениетін танудың ең дұры жолы — жергілікті тұрғындармен сөйлесу. Сондықтан барынша көп тілдесуге тырысыңыз. Сол жақта болып жатқан іс-шараларға барыңыз.

3. Тілін үйреніңіз

Кем дегенде бірнеше сөзін үйреніп алған өзіңізге жақсы. Жиі айтылатын тіркестерді жаттап алып, қолдансаңыз, жергілікті тұрғындар сізге риза болары сөзсіз.

4. Этикет және бейвербал коммуникация

Әр елде мәдениет әр түрлі. Бір қимыл басқа елде басқаша мәнге ие болуы мүмкін. Сондықтан осындайды ескеруіңіз керек.

  • Үндістанда басын изегеннің бәрі «иә» деген сөз емес. Олар «жоқ», «мүмкін» дегенде де бас изейді. Әрқайсысы әртүрлі ишарамен жасалады.
  • Бразилияда бәріміз жасайтын «окей» деген ишара жаман мәнге ие.

Көпшілік жиі жіберетін қателер

  1. Сауд Арабиясына барғанда сезімді ашық білдіруге болмайды
    2023 жылы америкалық жұп Сауд Арабиясына барғанда жұрт көзінше құшақтасқаны үшін қамауға алынған. Ол жақта бұл дәстүрді сыйламау, әдепсіздік саналады.
  2. Қытайда кезек күте білу керек
    Қытайда кезек күту мәдениеті қатты қалыптасқан. Егер кезекті айналып өткіңіз келіп әрекет қылсаңыз, оныңыз жергілікті тұрғындардың ашуына тиюі мүмкін.  
  3. Жапонияда қоғамдық көлік ішінде шулауға болмайды
    Бұл жақта метрода мүлгіген тыныштық орнап тұрады. Қасыңыздағы адамға дабырлап қатты сөйлесеңіз, басқалар сізге ашулануы мүмкін.

Қаншалықты мәдениетті турист екеніңізді сынап көріңіз

  • Барайын деп жатқан елдің дәстүрлерін жақсы білесіз бе?
  • Жергілікті тілде кем дегенде 5 сөз білесіз бе?
  • Елдегі басты табу, тыйымдарды қаншалықты білесіз?
  • Егер баратын елде сіз жиі жасайтын ишара жаман қабылданатын болса, әдетіңізді қоя тұруға дайынсыз ба?
  • Тұрғындарға олардың мәдениеті несімен қызық екенін түсіндіріп бере аласыз ба?

Егер осы сауалдардың кемінде үшеуіне «жоқ» деп жауап берсеңіз, демек сізге жақсылап тұрып мәдени сана қалыптастыру керек деген сөз. Мәдени сананы сәнді термин деп қана қабылдауға болмайды. Бұл —әр саяхатшыға аса керек машық. Сонда сапар сәтті, қауіпсіз әрі қызық болады. Сондықтан басқа елге аттанғалы жатсаңыз, алдымен сол елдің мәдениетіне құрмет көрсете аласыз ба — соны ойланыңыз.

Естеріңізге сала кестек, бұған дейін қымбат елдерде арзан саяхаттауға арналған лайфхактарды назарыңызға ұсынған едік.

Сондай-ақ оқыңыз