
Lexus ES алғаш рет толықтай электрлі нұсқада ұсынылды. Дегенмен гибрид түрлері де сақталады.
Lexus ES дизайны қалай өзгерді?
Шанхайдағы автосалонда Lexus ES седанының жаңа буынының әлемдік тұсаукесері өтті. Жаңартылған ES 2023 жылы ұсынылған LF-ZC концептінен дизайнерлік шешімдерді негізге алған. Минималистік радиатор торы, созылған жарықдиодты фаралар және динамикалық силуэті модельді ерекшелеп тұрады.
Автокөліктің өлшемдері де ұлғайған: ұзындығы – 202,3 дюйм, ал дөңгелек базасы 3,1 дюймге артып, 116,1 дюймге жеткен. Бұл көрсеткіштер модельді флагмандық LS-ке жақындата түседі.
ES тарихында алғаш рет толық электрлі нұсқада ұсынылады:
- ES350e (221 ат күші, бір қуатта 300 миль жүре алады);
- ES500e – қуаттырақ нұсқасы (338 ат күші, 250 миль қашықтық).
Электрлі көліктер жылдам қуаттауға арналған NACS портына және Tesla Supercharger желісіне қосыла алады.
Гибрид технологиясын қалайтындар үшін ES350h нұсқасы қолжетімді болады. Ол 2,5 литрлік бензин қозғалтқышы мен 243 ат күші бар электр моторларымен жабдықталған. Бұл нұсқада алдыңғы және толық жетекті таңдауға мүмкіндік бар.
Lexus ES 2026 салоны
Lexus бұл жолы цифрлық технология мен жайлылыққа басымдық берген. Салонда 14 дюймдік сенсорлық дисплей және 12,3 дюймдік толық цифрлық аспаптар панелі орнатылған. Олар Apple CarPlay және Android Auto жүйелерін қолдайды. АҚШ нарығына арналған Executive деп аталатын арнайы жинақтамада массаждық орындықтар, жылыту және желдету жүйелері қарастырылған.

Жаңа модельдің ресми жеткізілімі 2026 жылдың басында басталады. Батарея сипаттамалары туралы толық ақпаратты Lexus кейінірек жариялайтын болады.
Еске салайық, осыған дейін Қазақстанда жаңартылған Cadillac Escalade 2025 жол талғамайтын көлігінің ресми сатылымы басталғанын хабарлаған едік.