Болашақ мұғалімдер үшін ҰБТ-дағы шекті балды көтеру ұсынылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
«Педагогика мен психология» мамандығының шекті ұпайы 89-дан 81-ге дейін төмендеген /Фото: shutterstock

Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы педагог мамандар үшін талапты күшейтуді ұсынды. Фракция депутаттары педагогика мамандықтары бойынша грантқа түсуге ниетті түлектер үшін бірыңғай ұпайдың шегін белгілеу қажет деп санайды.

Фракция мүшесі Ирина Смирнованың айтуынша, аяқталғалы жатқан оқу жылында «Педагогика және психология» мамандығы бойынша ең төменгі балл бар болғаны 81 (өткен жылы – 89), ал «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» бағыты бойынша – 75 балл деп белгіленген.

«Ал құқықтану, құқық және журналистика сияқты салаларда бұл көрсеткіш 115 балдан басталды. Біз балаларды оқытып, тәрбиелеуге шын жүректен ниетті адамдар ғана болашақ педагог болуға тиіс деп есептейміз. Бұл мамандықты тек грант алу үшін, қалған таңдаудың ішіндегі амалсыздан таңдау ретінде қарастыру дұрыс емес», – деді депутат министр Саясат Нұрбекке жолданған сауалында.

Партия депутаттары шетелдік тәжірибені мысалға  алды. Мәселен, Финляндияда педагогикалық ЖОО-ға тек мектеп бітірушілердің ең үздік оннан бірі ғана түсе алады, ал Жапонияда болашақ мұғалімдер толыққанды жұмысқа кіріспес бұрын мектептерде ұзақ мерзімді тәжірибеден өтеді.

«Сонымен қатар ынталандыруды күшейту үшін «үздік» бітірген түлектерді жұмысқа бөлу механизмін енгізуді ұсынамыз. Бұл жүйе оларды жұмыс орнын таңдауға мүмкіндік беруі керек. Қазіргі таңда түлектердің өз бетінше жұмыс іздеуіне тура келеді, ал бұл ретте оларға еңбек өтілі мен аттестация нәтижелері секілді талаптар қойылады. Бұл – жас маман үшін елеулі қиындық тудырып, мамандықтың тартымдылығын төмендетеді», – деп қосты Смирнова.

Айта кетейік, ел бойынша ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі сынағы жүріп жатыр. Тест 7 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін де бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгіледі.

Сондай-ақ оқыңыз