Алматыда қайтыс болған Ақнәр Гүлістанның ісі полицияның ерекше бақылауына алынды

Алматы қаласында шілде айында қаза тапқан 22 жастағы Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қазір тергеу барысында оқиғаның толық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді жұмыс атқарылуда. Барлық қажетті материалдар жинақталып, талдануда, куәгерлерден жауап алынып, бейнебақылау жазбалары қаралуда, сондай-ақ заңмен белгіленген басқа да процессуалдық шаралар жүзеге асырылып жатыр, – делінген ресми хабарламада.
Полиция департаменті бұл істің департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Қаза тапқан азаматшаның жақындарының қайғысына ортақтасамыз. Қажетті сараптамалар мен тергеу амалдары толық аяқталған соң ғана нақты процессуалдық шешім қабылданады, – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Еске сала кетейік, Ақнәр Гүлстан 2024 жылғы шілде айында Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінің жетінші қабатынан құлап, көз жұмған болатын.
Марқұмның анасы бұл оқиғаға байланысты әділ тергеу жүргізуді талап етіп, қызының өзіне қол салуы мүмкін емес екенін, оның өліміне басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс туғызды.