
Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 22 мамырдағы сот отырысында іс құжаттары зерттеледі, деп хабарлайды KursivMedia.
Сот отырысында видеоматериалдар көрсетіліп жатыр. Соның бірі куә Дана Жақсыгелдінің оқиға орнына барғанда берген жауабы. Ол жерде куә қайғылы оқиға болған күні Абзал Шынасылдың қолынан пышақ көргенін айтқан. Оның сөзінше, Шынасыл пышақты жолда тастап кеткен. 21 мамырдағы сот отырысында сотталушы Шынасыл да дәл осындай жауап берген.
Сондай-ақ Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишембиева мен сотталушы Дидар Қалиахметті беттестіру кезінде берген жауаптары оқылды.
«Нұрқанатқа кімнің пышақ тыққанын көрген жоқпын, бірақ Нұрқанат сол жерде жатып қалды. Бірінші Нұрқанат менің балам Шерзатты қорғап «қойыңдар» деп жатқан кезде баламның артқы жағынан біреу пышақ тыққан. Балам артқа қарай отырып қалды, сол жерде қан құсып жіберді. Жанына барып «не болды?» деп сұрағанымда арқа тұсын қолымен ұстап көрсетті. Қарасам, пышақ тыққаны көрініп тұр. Қалған жігіттер Нұрқанатты ұрып, тепкілеп болғаннан кейін менің баламды ұрды», – деген анасы.
Беттестіру хаттамасы оқылғаннан кейін сотталушының адвокаты Шерзаттың анасы Гүлбара Бишембиеваны сотқа қайта шақыру ұсынылды.
Айта кетейік, қылмыстық істе 9 сотталушы бар. Ішінде Абзал Шынасыл бұзушылық, адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу әрекетін жасады деп айыпталған.
Сотталушы Равиль Сакиев бұзақылық және адам өлтіруге оқталды деп айыпталып отыр.
Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша айыпталғандар қатарында сотталушы Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет бар. Азамат Тоқтаубаев бұзақылық және ұрлық бойынша айыпталған. Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру) бойынша сотқа тартылған.