Болашақтықтар оқуды аяқтағаннан кейін, Қазақстанға келіп жұмыс істеу керек

Конституциялық Сот «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуды аяқтағаннан кейін, Қазақстанда қызмет ету міндетті екенін мәлім етті.
«Болашақ» бағдарламасының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін, Қазақстан аумағында қызметін өтеу талаптарымен келіспей, Конституциялық сотқа жүгінген. Дәлірек айтқанда азамат Үкіметтің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларының 24-тармағының 5) тармақшасын Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұраған.
Өтініш беруші өз уәжіне негіз ретінде еңбек қызметін қашықтан жүзеге асыру форматын көздейтін Еңбек кодексін көрсеткен. Өтініш берушінің пікірінше, қызметін өтеу мақсатында Қазақстан аумағында нақты болу талап етілмейді.
Алайда Конституциялық Сот «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыту тараптардың өзара келісімі бойынша оқу басталғанға дейін жасалатын азаматтық шарт негізінде жүзеге асырылатынын көрсеткен. Мұндай келісім тараптардың, оның ішінде оқудан кейін тікелей Қазақстан Республикасының аумағында қызметін өтеу жөніндегі міндеттемелерді алдын ала ерікті түрде қабылдауын көздейді. Бұл шарт Ережелерде ғана емес, білім туралы заңда да айтылған.
Осылайша, Конституциялық сот қызметін өтеу жөніндегі ережелер нормасының Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін негіз жоқ деп тапқан.
Бұған дейін, Астана мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттары үшін қашықтан еңбек ету қарастырылмағаны туралы шешім шығарған.