14 өңірде шегірткеге қарсы 464 мың гектар алқап өңделген

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Шегірткеге қарсы күрес: 14 өңірде 464 мың гектардан астам алқап өңделген
14 өңірде шегірткеге қарсы 464 мың гектар алқап өңделген/Фото: АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігі егістік алқаптарды үйірлі шегіртке зиянкестерінен қорғау және мониторинг жүргізу жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатқанын мәлім етті.

Болжам бойынша, 2025 жылы шегірткелердің таралу аумағы 2,1 млн гектарды құрайды деп күтіліп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз.

Шегірткенің ең көп таралуы Қостанай, Ақтөбе, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында болады деп болжанған.

Мониторинг пен өңдеу шараларына 4 625 адам тартылған. Жалпы алғанда, зиянкестермен күреске 443 бірлік арнайы техника жұмылдырылады.

«22 мамырға дейін 2,8 млн гектар жер тексеріліп, оның 498 мың гектары шегіртке өткен аумақтар анықталды және оларды өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 14 өңірде 464 мың гектар жерде шегірткеге қарсы күрес шаралары атқарылды. Мәселен, Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын, тазалау шаралары жалғасуда. Жамбыл облысында негізгі өңдеулер аяқталған, итальяндық прусқа қарсы жұмыстар жалғасуда» делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство италиялық прусқа қарсы химиялық өңдеу Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Бұған дейін, Жамбыл мен Түркістан өңіріндегі шегірткелерді құрту үшін 7,1 млрд теңге бөлінген.

Сондай-ақ оқыңыз