Абайсызда жасалған қоңырау үшін фельдшерді өлтірген «СОБР» қызметкері сотталды

БҚО Тасқала аудандық соты 24 жастағы арнайы жасақ қызметкеріне үкім шығарды. Ол ҚР ҚК 106 («Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») және 109-бабы («Ұрып-соғу») бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады «Мой город» басылымы.
Оқиғаның мән-жайы
2024 жылғы 17 қарашада Тасқала ауылында 30 жастағы фельдшерді бірнеше ер адам аяусыз ұрып, ол ауруханада көз жұмған. Дәл сол күні марқұмның қызы дүниеге келген.
Тергеудің мәліметінше, жанжал кездейсоқ телефон қоңырауынан басталған. Ішімдік ішіп отырған жігіттер ақша сұрамақ болып, байқаусызда сотталушының қарындасына қоңырау шалған. Оның күйеуі бұған наразы болып, жанжал басталған. Қарындасы болған жайтты арнайы жасақта істейтін бауырына жеткізеді. Ол достарымен барып, қызының дүниеге келгенін атап өтіп отырған фельдшер мен оның достарын соққыға жыққан.
Сотта анықталғаны
Сараптама фельдшердің өліміне бас сүйек-ми жарақаты себеп болғанын көрсеткен. Сотта екі айыпкер марқұмның басына ауыр соққы жасағаны анықталды. Кейін олар ауруханаға барып, марқұмның досын да соққыға жыққан.
Полиция департаменті басты күдікті қылмыс жасалған уақытта ішкі істер органында істемегенін мәлімдеген еді. Алайда сотта оның қылмыс жасаған кезде қызметте болғаны анықталған.
Сот үкімі
Сот айыпталушылардың әрекетін топтасып жасаған деп таныған. Сот шешіміне сай, арнайы жасақ қызметкері мен оның бір досы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, оқиғаның тағы бір қатысушысына 3 жылға бостандығын шектеу жазасы кесілді. Сондай-ақ сот үкімімен марқұмның туыстарына 19 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін, Қостанайда танысын аса қатігездікпен өлтірген екі адам 17 жылға сотталған.