Қытайда ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы аталып өтті

Жарияланды 22 Мамыр 2025 12:06

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Тілендиев
Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы Қытайда аталып өтті / фото: ашық дереккөз

Қытай астанасы Бейжіңде қазақ саз өнерінің саңлағы, композитор әрі дирижер, Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық мәдени кеш өтті. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлады.

Мерекелік шара Бейжіңнің орталық концерт залында «Әлқисса» атты шығармашылық бағдарламамен ашылып, кеш барысында ұлы сазгердің өмір жолы мен шығармаларына арналған музыкалық қойылымдар ұсынылды.

Салтанатты жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Нұрғиса Тілендиев – қазақ руханиятының алтын діңгегі. Оның күйлері мен әуендері – халқымыздың жадында сақталған ұлттық болмысымыздың айнасы. Осы мерейтойдың Бейжіңде өтуі — Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен мәдени байланыстардың жоғары деңгейде екенінің айғағы, – деді әкім.

Шығармашылық кештің негізгі бөлігінде Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрі өнер көрсетті. Оркестрге дирижерлік еткен – композитордың қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева.

Сонымен қатар сахнада дәулескер күйші Секен Тұрысбек, белгілі әншілер Нұркен Әшіров пен Мадина Сәдуақасова өнер көрсетті. Шара аясында ұлттық қолөнер туындылары мен отандық жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды.

Концерттен кейін Бейжіңде тұратын этникалық қазақ Қаламқас Серікқызы өз әсерімен бөлісті:

Нұрғиса Тілендиевтің әуендері – жүрекке жететін саф өнер. Күй мен ән арқылы туған елдің рухы мен табиғаты сезілді. Қытайда туып-өскеніммен, қазақ болып туғаныма тағы бір мәрте мақтандым, – деді этникалық қазақ.

Айта кетейік, ЮНЕСКО аясында атап өтіліп жатқан мерейтойлық жыл аясында Нұрғиса Тілендиевтің мұрасын насихаттайтын халықаралық жобалар жыл соңына дейін жалғасады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нұрғиса Тілендиевтің сазгерлік өнерінен бөлек, Ұлы отан соғысында көрсеткен ерліктері туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз