
Испаниялық «Реал Мадрид» футбол клубының ойыншысы Лука Модрич командадан кететінін хабарлады. Клубтың ресми парақшасы «Рақмет, Лука» деген жазбамен футболшыға алғысын білдіріп, қош айтысты.
«Бұл сәт тумай қойса екен деп жүрдім, бірақ бұл – футбол. Сенбі күні «Сантьяго Бернабеу» стадионында менің соңғы ойыным өтеді», – деді Лука Модрич жанкүйерлерге арнаған үндеуінде.
Лука Модрич мадридтік клуб сапында 2012 жылдан бері ойнап келеді. Осы уақыт аралығында «Реалмен» бірге 5 мәрте Чемпиондар лигасын, бірнеше рет Ла Лига мен Испания кубогын жеңіп алды. 2018 жылы Модрич «Алтын доп» (Ballon d’Or) жүлдесіне ие болып, әлемнің үздік ойыншысы атанды.
Карьерасын Хорватияда бастаған Лука «Динамо Загреб», «Зриньски», «Интер Запрешич», кейін Англияның «Тоттенхэм» клубтарында ойнады. Алайда дәл «Реал Мадрид» клубында жұлдызы жанған футболшыға айналды.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Реал Мадрид» футбол клубына қазақ қызы жұмысқа кіргені туралы жазған едік.