Жыл соңына дейін Алматыда электромобиль қуаттайтын 311 станция орнатылады

Жыл соңына дейін Алматыда электромобиль қуаттайтын 311 станция орнатылады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қуаттау бекеттеріне арнап, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы электр қуаттау бекеттеріне арналған 311 жер учаскесін бөлген. Бекеттерді конкурс арқылы іріктелген отандық инвесторлар орнатады деп жоспарланып отыр.
311 бекеттің әрқайсысында екі автотұрақ орны болады. Солайша барлық нысан іске қосылған кезде қалада электр көліктерін қуаттауға арналған 622 орын пайда болады.
Бекеттер қайда орнатылады?
Қуаттау станциялары базар, дәмхана, саябақ сынды адам көп жиналатын қоғамдық орындарда орнатылады. Барлық станциялар жыл соңына дейін іске қосылуы керек.
«Қазіргі таңда Алматыда 300-ден астам электр қуаттау бекеті жұмыс істеп тұр. Бұл жоба 2029 жылға дейінгі электр көліктер инфрақұрылымын дамыту жөніндегі «жол картасы» аясында жүзеге асырылып жатыр және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бір жыл ішінде Алматы қаласында электромобильдер саны артқан. Мәселен, 2025 жылдың 1 сәуірдегі жағдайына сәйкес, қалада 8 385 электр көлігі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға көп.
Айта кетсек, Astana Motors 2028 жылға дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында электромобильдерге арнап 250 зарядтау станциясын салады. Бұл жобаға компания 12 млн доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр.
Ал британдық Сar Рark Transformer компаниясы елдегі халықаралық маңызы бар трассалардың бойында 250-ге жуық электромобиль қуаттайтын бекет салады.
«ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының өкілі Әділбек Орымбаевтың айтуынша, елге 8 мың зарядтау бекеті керек.