
Beeline, Kcell, Tele2 операторлары өзара сөз байласып, бағаларды әдейі көтерген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов айтты.
«Соңғы бірнеше жылда ұялы байланыс бағасы қатты қымбаттап кетті. Біз талдау жасай келе бірқатар заңбұзушылықтарды анықтап, өткен жылы барлық ұялы байланыс операторларының қызметін тексеру жұмыстарын бастап кеттік. Нәтижесінде 3 компанияның өзара сөз байласу белгілерін анықтап тергеу басталды. Қазіргі таңда тергеу тоқтап тұр. Өйткені компаниялар шағым түсіріп, тергеуді тоқтатуды талап еткен. Қазір сот жүріп жатыр», – деді БҚДА өкілі.
Айта кетейік, 2024 жылдың маусым айында премьер-министр Олжас Бектенов байланыс операторларының тарифтер бағасын ұлғайтуды әдетке айналдырғанын айтып, компаниялардың жұмысын сынға алған болатын. Бектенов бәсекелестікті дамыту мақсатында байланыс қызметтерінің тарифтерінен мемлекеттік реттеу алынып тасталғанын, бірақ әлі күнге баға реттелмей жатқанын айтты. Сондай-ақ құзырлы органға бағалық сөз байласу мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді тапсырды.
Бұдан бөлек прокуратура Beeline, Tele-2 қызметкерлерінің алаяқтарға көмектескені туралы мәлімдеген еді. Алаяқтарға sim-карталарды тіркеуге көмектескені үшін қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалған.