Қонаев әкімдігі қалада халық саны неге азайып кеткенін түсіндірді

Қазақстанның үш қаласында адам саны айтарлықтай азайып кеткен. Олардың ішінде көш бастап тұрған Қонаев қаласы. Қала әкімдігі БАҚ-та тараған бұл ақпараттан кейін мәлімдеме жасап, халық санының неге айызп кеткенін түсіндірді.
Халық саны неге күрт азайды?
Әкімдіктің мәліметінше, халық санының азаюына жақында ғана құрылған Алатау қаласының Қонаевтан бөлінуі себеп болған.
«Баршаға мәлім, 2024 жылдың 9 қаңтарында Алатау қаласы құрылды. Оған Қонаев қаласы аумағындағы Заречный, Арна ауылдары толығымен енгізілді. Сәйкесінше, қала халқының саны азайды. 2023 жылы Қонаев тұрғындарының саны 70512 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 65024-ке төмендеген. Алайда халық саны қайта өсіп келе жатыр, қазіргі көрсеткіш 65934-ті құрап отыр. Осы себептен, халық арасында «облыс орталығы өмір сүруге қолайсыз қала» деген жаңсақ пікір тудырмауларыңызды сұраймыз», – деп мәлімдеді әкімдік.
Айта кетсек, халық саны азайған қалалар арасында Семей мен Байқоңыр бар. Семей халқының саны бір жыл ішінде 5,1%-ға азайса, Байқоңыр халқы 3,6%-ға кеміген.