Мажарстан компаниясы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 64 млн доллар инвестиция құяды

Венгриялық компания Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстарында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 64 млн доллар инвестиция құюға ниетті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Мажарстанның жетекші компанияларының басшыларымен кездескен. Атап айтқанда, кездесуге «UBM Group» бас директоры Петер Хорват, «BDPST Group» директорлар кеңесінің төрағасы Иштван Тиборц, «4iG Plc.» директорлар кеңесінің төрағасы Геллерт Ясаи қатысқан.
Тараптар цифрландыру, көлік логистикасы, агроөнеркәсіптік кешен, қонақүй бизнесі және тұрақты технология салалары жөнінде сөз қозғаған.
Компаниялар туралы
Елге инвестиция құюға неитті «UBM Group» басшылығы Алматы, Қостанай және Қарағанды облыстарында өндірістік нысандар салуды көздейтін агроөнеркәсіптік жобаны іске асыруға дайындық барысын талқылаған. Бұл жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруға 64 млн доллар көлемінде қаражат тарту жоспарланған. Бұл қаражатқа зертхана, оқу орталығы мен логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту көзделіп отыр.
«BDPST Group» компаниясымен елдің логистика, қонақүй бизнесі және цифрлық қаржы салаларында ұзақмерзімді жобаларды іске қосу мәселелері талқыланған. Сонымен бірге компания «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, логистикалық хаб құру бастамасына қызығушылық білдірген.
«4iG Plc.» компаниясының өкілдерімен спутниктік байланыс, Жерді қашықтықтан зондтау және цифрлық инфрақұрылым құру салаларындағы технологиялық серіктестіктің болашағы жөнінде сөйлескен. Қазақстан тарапы компанияның спутниктік платформаларды құрастыру тәжірибесі мен оны локализациялау сияқты салаларына қызығушылық білдірген.
Еске сала кетсек, кеше 21 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев Будапеште өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысып, түркі елдері арасындағы байланысты арттыру мәселесін қозғаған болатын.