Жаңалықтар

Жемқорлардан қайтарылған ақшаға Жамбыл облысында амбулатория салына бастады

Hyundai Solar Батыс Қазақстан облысына 81 млрд теңге инвестиция құяды
Жемқорлардан қайтарылған ақшаға Жамбыл облысында амбулатория салынып жатыр / Коллаж: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Жемқорлардан қайтарылған ақшаға Жамбыл облысында амбулатория салына бастады. Бұл туралы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, қаражат Жамбыл облысының Қордай және Талас аудандарында екі дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын аяқтауға жұмсалған. Құрылысты аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан 319,5 млн теңге бөлінген.

Әр медициналық нысан салынып болған соң, тәулігіне 45 адамнан қабылдай алады.

Жалпы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында өңірде 30 нысан салып, 28-і пайдалануға берілген. Ал екі нысан осы жылы тапсырылуы керек.

Бұл бағдарлама шеңберінде елде 655 медициналық мекемелер салынады. Қазіргі уақытта ел өңірлерінде 488 шағын медициналық пункттер мен амбулаториялар салынған.

«Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемелерін салуға және ауруханаларды реконструкциялауға қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Сонымен қатар қаржыландыру Арнаулы мемлекеттік қор есебінен жүзеге асырылады», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Айта кетсек, Жемқорлардан қайтарылған қаражат елдегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жұмсалып жатыр. Арнаулы қордан қаражат денсаулық пен білім саласына, спортқа және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бөлінген.

Арнаулы қордан СҚО-ның су құбырларын жаңғыртуға 21 млрд теңге бөлінген болатын.