Жұлдызды жұптардың құпиясы

Жарияланды 22 Мамыр 2025 17:56

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Жұлдызды жұптардың сырын психолог ашып берді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Жұлдызды жұптардың сырын психолог ашып берді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жұлдызды жұптардың өз құпиясы бар. Психолог Лимана Құттыбекқызы қазақтың жұлдыздардан құралған отбасы сырын талдап берді.

Расында да, әлемдік жұлдыздар арасында да жұп құрғандар аз емес. Бірақ шаңырақтары көпке бармай ортасына түсіп жатады. Берік отбасылар некен-саяқ. Өйткені, олар – түрлі салалардың өкілдері. Бірі – атақты футболист, екіншісі – модель немесе әнші.

Екі жұлдыз

Голливуд жұлдыздарының ішінде махаббаттары ұзаққа бармай жатқаны таңсық жайт дей алмаймыз. Ал қазақ жұлдыздарының ішінде, әсіресе, әншілердің арасында жұбы жазылмаған саңлақтар көп.

Мәселен, Қанат және Света Айтбаевтардың, Бүркіт пен Айшаның, Тоқтар мен Бейбіттің махаббаттары аңызға айналып отыр. Бұлардың ізімен жас жұптар да шаңырақ көтеріп жатыр.  Айталық, Аша Матай мен Арман Қоңыр, Райм мен Ерке отау құрды. Жанболат пен Жазира және Құралай мен Мирас та көрерменнің көзайымы, сахнада жарасымды жұп.

Отбасылық бизнес

Лимана Құттыбекқызының айтуынша, жұлдызды жұптардың берік неке құруының өз сыры бар. Қазір әншілер бірін-бірін толықтыратын мамандарды таңдап үйленіп жатыр.

«Жалпы, бір саладағы адамдар отбасын құрса, оған көпшілігі бизнес ретінде қарайды. Кейбір әншілердің ішінде жарын «сәтті жоба» деп атағандары да бар. Екі бөлек адам дуэт құрса, табыс екі отбасыға бөлінеді. Ал жұптарда екі адамның тапқаны бір отбасыға түседі. Былайша айтқанда, бір үйдің бизнесі», – дейді психолог.

Берік некенің темірқазығы

Лимана Құттыбекқызының сөзінен аңғарғанымыз, махаббаттан бөлек, ортақ бизнес, бірін-бірі толықтыру – берік некенің темірқазығы.

«Мәселен, Бүркітке сахнаға бірге шығатын биші керек. Олар Бүркіт пен Айша болып, образдарын өзгертті. Халыққа қажетті, табыс, жақсы ақша әкелетін, тойға лайықты әндер мен билерді ұсынып жатыр. Екінші бір жұптар қыз ұзатуға лайықты әндерді таңдаған. Мұның бәрі – бизнестің жобалары», – дейді психолог.

Жұлдызды жұптардың құпиясының сыры осында жатса керек.

Әншілер махаббатының ғылыми атауы

Грек ғалымдары агапэ, эрос и филос деп махаббатты үш топқа бөлген. Психолог жұлдызды жұптардың сүйіспеншілігін филосқа жатқызып отыр. Бұл – бір саладағы адамдардың бас қосуы.

«Мысалы, менің ғылыми жобам бар дейік. Ғылыми жетекшім бар. Онымен бір тақырыпқа бірнеше сағат сөйлесіп, бір-бірімізді шабыттандырамыз. Бұл жоба бітеді, әңгіме таусылады. Өте келе бір тақырып, екінші тақырыпқа ұласуы мүмкін. Бір жоба келесі жобаға айналуы мүмкін», – дейді психолог.

Мұндай махаббат тек әншілерде ғана емес, профессорлар мен аспиранттардың, кітап авторы мен редакторлардың арасында жиі кездеседі екен.

Тұрақты және тұрақсыз сүйіспеншілік қайдан шығады?

Психологтың сөзіне қарағанда, агапэ – нағыз махаббат. Біздің ата-апаларымыз осылай сүйген.

Адамдар: «Құдайдың маңдайыма жазғаны осы. Махаббат құдайдан», – деп біледі. Имандылық жолында, тазалық жолында бас қосады. Қызметі, мәнсабы қызықтырмайды. Бастысы, жүрек қалауы. Жұбын  тағдыры ретінде қабылдап, өмірінің соңына дейін адал болады.

Эрос – тәни махаббат. Дене бітіміне қызығып, албырт сезім жетегінде шаңырақ құрады. Бұл ұзаққа созылмайды. Ажырасып кетіп жатқандардың дені – эростың шырмауына шалдыққандар.

«Осы үш түрлі махаббат бір жерден көрінсе, онда бұл – нағыз бақыт», дейді психолог.

Қанат және Света Айтбаевтар

Қанат Айтбаев Светаны алғаш рет «Қыз сынында» кездестірген. Ол кезде студент кезі. Бірден болашақ жары жылы ұшыраған. Кейін таныстықтары – достыққа, достық  – махаббатқа ұласқан.

Жұлдызды жұптан әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген секілді ұл өмірге келді.

Бүркіт пен Айша

Бүркіт – Айбек Сейітов пен Аиша – Виктория Жансейітова шаңырақ көтеріп, 2008 жылдан бері бірге дуэт ретінде өнер көрсетіп келеді. Жұлдызды жұптарды сахнадан, телеарналар мен тойлардан ұдайы бірге көруге болады.

Тоқтар мен Бейбіт

Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева – «Тоқтар мен Бейбіт» деген атпен халық арасында кең танымал. Екі жұп та марапаттан кенде емес. Қос жұлдыз да – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері.

Қыдыралы мен Қарақат

Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина былтыр тамызда «күміс тойларын» жасады. Отау құрғандарына 25 жыл толған. Қос жұлдыз ұдайы ел алдына бірге шығады.

Жанболат пен Жазира

Жұбы жазылмайтын жұлдыздардың бірі – Жазира Байырбекова мен Жанболат Ербатыров. Ұзақ жылдар бойы сахнаға бірге шығып келеді. Тыңдармандары екеуін екі бөлек елестете де алмайды.  

Құралай пен Мирас

Мирас және Құралай Бекжановтар – ерекше дауыстарымен елдің құрметіне бөленіп жүрген жұп. Ұзақ жылдар бойы қазақ өнерінің дамуына үлес қосып жүр.

Райм мен Ерке

Raim деген лақап атымен танылған Райымбек Бақтыгереев әнші Ерке Есмаханмен шаңырақ көтергені белгілі. Қос жұп соңғы кездері дуэт құрып, бірге ән салып, клип шығарып жатыр.

Аша Матай мен Арман Қоңыр

Аша Матай мен Арман Қоңырдың шаңырақ көтергендеріне 10 жылға жуықтап қалды. Сахнаға бірге шығып, дуэт ретінде ән салған кездері де бар.

Мұның алдында Мәулен Әшімбаев пен Қарақат Әбілдинаның өмірбаянында ортақ бір кезең бар екені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз