
88 қазақстандық кәсіпорын Қытайға құс етін экспорттайтын болды. Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров пен ҚХР Бас кеден басқармасының басшысы Сунь Мэйцзюнь осындай хаттамаға қол қойды.
Екі ел өкілдері құс етін импорттау және экспорттау кезінде ветеринариялық-санитариялық тексеру туралы келісімге келді.
«Аталған құжат ведомство тарапынан еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін, әсіресе, Қытай бағыты бойынша, жүйелі түрде арттыру жұмыстарының нәтижесі. ҚХР-да қазақстандық мал шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс жоғары», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Бұған дейін 2019 жылғы келісім бойынша, 2500-ге жуық қазақстандық кәсіпорын Қытайға тауар экспорттады.
Жалпы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылық өнімдерінің тауар айналымы 1,4 млрд долларды құрады. Ал экспорт көлемі 1,05 млрд доллар болды.