
5 сәуірден бастап Алматыда 4 мың мопед жүргізушісі жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінен хабарлады.
Ал 1,5 мыңға жуық мопед айыппұл тұрағына қойылған. Жүргізушілер көбінде куәліксіз, нөмірсіз немесе қауіпсіздік талаптарын бұза отырып мопед айдаған.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі аясында жүйелі түрде алдын алу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Негізгі назар мопед жүргізушілеріне аударылды, өйткені дәл осы санаттағы жүргізушілер жиі қарапайым жол ережелерін елемей жатады, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шұмаев.
Еске салайық, 5 сәуірден бастап мопедтер үшін жаңа ереже енгізілген. Енді бұл транспорт иелері жүргізуші куәлігін алып, тіркелуі керек.