ПСЖ – Интер: Чемпиондар Лигасы финалына билет қанша тұрады

Жарияланды 22 Мамыр 2025 16:39

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Интер мен ПСЖ матчына билет сатылып жатыр / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Интер мен ПСЖ матчына билет сатылып жатыр / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Пари Сен-Жермен» мен «Интер» Чемпиондар Лигасының финалында кездеседі. Францияның 13 дүркін чемпионы мен Италияның ең даңқты клубтарының бірі арасындағы матч 31 мамырда өтеді.

Жаңа чемпион Германияның Мюнхен қаласындағы Альянц Арена стадионында анықталады. Финалға билет сатылып жатыр. Ол қанша тұрады?

Чемпиондар Лигасының финалына ең арзан билет 1,4 млн теңге тұрады. Бірақ ол үшінші категориядағы орын. Мұндай билетпен стадионға кіріп, жалпы ойын атмосферасын сезінуге болады. Алайда стадионның ең түкпірінде отырып, матч қарау қиынға түсері анық.

Сол үшін бірінші категориядағы орынға билет сатып алған жөн. Бірақ оның бағасы қымбатырақ – 1,9 млн теңге. Есесіне алаңдағы ойыншыларды алыстан болса да танып, соғылған голдарды шырамытып ғана тамашалауға мүмкіндік бар. Дегенмен алыстан нашар көретіндерге дүрбі алып кіруге тура келеді.

Стадиондағы ең жақсы орындар 2,3 млн теңгеден жоғары тұрады. Ал көгалдың дәл қасында, қосалқы ойыншылар мен бапкерлер отыратын секторға билет алу үшін 6,4 млн теңге төлеуге тура келеді. Есесіне оларға жақын маңда селфи түсіріп, әлеуметтік желілерде мақтана аласыз. Тіпті бапкерлер мен ойыншылардың не айтқанын естіп те қалуыңыз ғажап емес.

Альянц Аренада арнайы секторлар да бар. Олардың бағасы қымбат: «Бавария лаунж» – билет жоқ, «Беккенбауэр лаунж» – 4,5 млн теңге, «Жұлдыздар лаунжы» – билет жоқ, «Чемпиондар вилэйджі» – 3,7 млн теңге, мейрамхана – 5,6 млн теңге. Қалтаңыз көтерсе, солардың бірін таңдауға да болады.

Мюнхенге баруға шенген визасы болмай, финалға ақша таппасаңыз, матчты үлкен экран арқылы тамашалауға болады. Мысалы, OPEN CINEMA ALMATY кинотеатры ЧЛ финалын көрсеткелі жатыр. Tiketon-дағы бағасы – 5 мың теңге.

Естеріңізге сала кетейік, Еуропа Лигасының финалы 21 мамырда Бильбаода өткен. «Тоттенхэм» 1:0 есебімен «Манчестер Юнайтедтен» басым түскен.

Сондай-ақ оқыңыз