Жаңалықтар

Кіші Алматы өзені бойындағы құрылыстар кімге тиесілі

Застройка Малой Алматинки
Құрылыс судан қорғау аумағында да жүріп жатыр / фото: Никита Данилин

Kursiv.Media тілшісі Достық даңғылы мен Керей-Жәнібек хандар көшесі қиылысындағы ауданда болып, құрылыс судан қорғау аумағында да жүріп жатқанына көз жеткізді; Кіші Алматы өзені бойындағы қымбат үйлерді кімдер салып жатқанын анықтады. Арасында миллионерлер, танымал кәсіпкерлер, тіпті мәслихат депутаты да бар.

Dostyq 300

Әйгілі Медеу мұз айдынына бара жатқан жолдағы алғашқы құрылыс Достық даңғылы, 300 мекенжайында жүріп жатыр. Ол «Қазақстан» шипажайына қарама-қарсы орналасқан.

Достық, 300 мекенжайындағы құрылыс / фото: Никита Данилин
Достық, 300 мекенжайындағы құрылыс / фото: Никита Данилин

Құрылыс 2025 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. Үйлердің бірқатары жоспарға сай уақытта тапсырылуы мүмкін. Алайда құрылыс аумағындағы нысандардың бәрі әлі салынып бітпеген.

Достық даңғылы бойындағы құрылыс / фото: Никита Данилин
Достық даңғылы бойындағы құрылыс / фото: Никита Данилин

Құрылысты «Evolution Development» компаниясы жүргізіп жатыр. Ол ірі Sensata Group холдингі құрамына кіреді. «Evolution Development» құрылтайшылары – Joint Technologies және Sensata Almaty компаниялары.

Достық даңғылы бойындағы құрылыс құжаты / фото: Никита Данилин
Достық даңғылы бойындағы құрылыс құжаты / фото: Никита Данилин

Ал Joint Technologies компаниясын миллиардер Тимур Құлыбаевтың «Кипрос» фирмасы, сонымен бірге Раушан Сағдиева басқарады. Sensata Almaty қожайындары ― Тасболат Абдуллин мен Асқар Дүйсенбаев.

Бұған дейін Kursiv.Media ірі тұрғын үй құрылысының жергілікті тұрғындар тіршілігіне қалай әсер еткені туралы жазды. Олар даулы жер телімі үшін компаниямен әлі соттасып жүр.

Кіші Алматы бойындағы бітпеген құрылыс

Керей мен Жәнібек хандар көшесімен жоғары көтерілген уақытта биік қара қоршауға кезігесің. Ол «Агролесхоз» аялдамасына жақын маңда орналасқан.

Керей мен Жәнібек хандар көшесі бойындағы жұмбақ құрылыс / фото: Никита Данилин
Керей мен Жәнібек хандар көшесі бойындағы жұмбақ құрылыс / фото: Никита Данилин

Бұрын қоршаудың арғы жағында зәулім коттедж болған. Оның екі қонақүйі, үлкен теннис алаңы, алты шағын ғимараты және су бұрқағы бар еді. Сол кездегі сурет спутниктен түсірілген карталарда әлі бар.

скриншот: Яндекс.Карта
скриншот: Яндекс.Карта

Ал енді ол жерде жұмысшыларға арналған контейнер тұр. Бұған қоса үлкен ор қазылған. Бұрынғы зәулім сарайдан ештеңе қалмаған – биік қоршау ғана сақталған.

Қазір бұл жер төртке бөлінген. Барлығының жалпы ауданы ― 29 346 шаршы метр. Солардың бірі Кіші Алматы өзенімен шеттеседі.

Жер телімдерінің бәрі «Blaze Development» меншігіне тиесілі. Компания 2021 жылы тіркелген. Оның құрылтайшылары ― жоғарыда сөз болған «Кипрос», Геннадий Морозов, сонымен бірге Тасболат Абдуллин мен Асқар Дүйсенбаев.

Нысан паспорты жоқ. Алайда репортаж дайындау кезінде ол жерде құрылыс жүріп жатқан жоқ болатын.

«Дубровка» тұрғын үй кешені

Биік қоршаудың қасында тағы бір құрылыс жүріп жатыр. Мұнда «Дубровка» тұрғын үй кешені салынады. Құрылыс аумағы көпшілікке танымал Bellagio мейрамханасына барып тіреледі. Бұл жер де Кіші Алматы өзенінің бойында орналасқан.

скриншот: Яндекс.Карта
скриншот: Яндекс.Карта

Мұнда үш қабатты 25 вилла салынып жатыр. Бірнеше кран тұр. Аумақта жұмыс қызу жүріп жатыр. Асфальтқа дейін қазып тастаған. Соған қарағанда, жол арқылы жаңа нысандарға коммуникация жүргізіліп жатса керек.

Кіші Алматы бойындағы құрылыс / фото: Никита Данилин
Кіші Алматы бойындағы құрылыс / фото: Никита Данилин

Нысан құжатында құрылысқа тапсырысты River Park Esentai компаниясы бергені, ал мердігері «Атрикс-Строй» компаниясы екені жазылған.

Құрылыс 2020 жылғы сәуірде басталған. Ол 2024 жылғы жазда аяқталуға тиіс еді. Дегенмен мұнда жұмыс көп.

Аумақ 25 жеке телімге бөлінген. Олардың бәрі «Глобал Тим» компаниясына тиесілі. Оның жалғыз құрылтайшысы – River Park Esentai. Бұл компанияның қожайындары – Сарсен Нәбиев пен Әмірхан Нәбиев. Құрылыс мердігері «Атрикс-Стройдың» да қожайындары солар.

Әмірхан Нәбиев ― Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Amanat партиясының мүшесі. Ол осы қызметте 2014 жылдан бері отыр.