Трамптың алтын картасы сатылатын сайт іске қосылады

АҚШ президенті Дональд Трамптың алтын картасы сатылатын сайт бір аптаның ішінде іске қосылады. Ауқатты шетел азаматтары 5 млн доллар тұратын алтын визаға өтініш қалдыра алады.
АҚШ сауда министрі Говард Лютник сәрсенбі күні Вашингтонда Axios Building the Future шарасына барған уақытта осылай деп мәлімдеді. Мұндай қымбат картаны сатып алған азаматтар АҚШ-та тұруға мүмкіндік алады. Министрдің пікірінше, оған Құрама Штаттар азаматтығы жоқ, бірақ қаржысы бар кез келген шетел азаматы өтініш береді.
Жақында іске қосылатын сайт Trumpcard.gov деп аталады.
«Америкадағы әуежайға ұшып келесіз, ал көші-қон қызметкері сізге: «Үйге қош келдіңіз» деп айтады», – дейді Лютник.
Трамп алтын карталар саудаға түскенін биыл ақпанның аяғында жариялаған, ал сәуірдің басында президент суреті бейнеленген картаны көрсеткен. Құрама Штаттар басшысы миллионнан аса алтын карта сатуды көздеп отыр.
Сауда министрінің айтуынша, үкімет содан түскен ақшадан федералдық қарызды жабады. Қазір Құрама Штаттар берешегі 36 трлн доллардан асады. Наурызда Лютник бір айдың ішінде мыңнан аса алтын карта сатылғанын айтқан.
Құрама Штаттарда ел экономикасына үлес қосқан инвесторларға виза беру жүйесі бұрыннан бар. Енді алтын карта EB-5 визасын, яғни инвестициялық грин-картаның орнын алмастырады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан үкіметі де жақында шетел азаматтарына елде 10 жыл тұруға мүмкіндік беретін «алтын виза» енгізді. Оның құны – 300 мың доллар.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, мұндай қадам елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруды көздейді. Бұған қоса билік инвесторлармен ұзақ мерзімді іскерлік серіктестік орнатқысы келеді. Үкімет инвесторлық визаны алу қағидаларын бекіткен.