Сөздердің де дәмі бола ма немесе синестезия қалай жұмыс істейді

Жарияланды
Синестезия деген не?/Фото: shutterstock.com

Байқасаңыз, кей адамдар дыбыстарды «көретінін» айтады. Енді бірі сөздердің «дәмі» болады деп жатады. Мұндай жұмбақ феномен «синестезия» деп аталады. Яғни бұл адамның қабылдауына әсер ете отырып, сезімдер арасында таңғажайып байланыс орнатады. Мысалы, «ана» дегенде көз алдыңызға бауырсақтың исі келуі мүмкін. Ал скрипканың үнін естігенде денеңізге салқын темір тигендей сезім бола ма? Синестеттер үшін қиял емес, шынында сезілетін сезім. Бірақ мұндай қабілет бәрінде бірдей бола бермейді. Неге олай? Ғалымдар сөздердің дәмін қалай зерттеп жатыр? Осы туралы айтамыз.

Синестезия деген не?

Синестезия — бір сезімнің стимуляциясы (мысалы есту қабілеті делік) автомат түрде басқа сезімді (дәм сезу дегендей) тудыратын неврологиялық феномен. Соның әсерінен қабылдау сезімі араласып кетеді де, сенсорикалық процесс жүреді.

Синестезияның ең жиі кездесетін түрлері:

  • Графемдік-түсті синестезия: мұндайда әріптер мен сандар белгілі бір түстерге боялғандай сезім болады.
  • Дыбыстық-түсті синестезия: дыбыс естігенде көз алдыңызға белгілі бір образ не түс келеді.
  • Лексикалық-дәмді синестезия: сөздер не біреулердің есімі белгілі бір дәмге ұқсап тұрады.
  • Киноэстетикалық синестезия: дыбыстар мен сөздер қолмен жанасқандай әсер сыйлайды.

Синестезия қалай жұмыс істейді?

Синестезия ми жұмысының ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Ғалымдардың пайымынша, синестеттерде түрлі сенсорлық сезімге жауапты аймақтар белсенді жұмыс істейді екен. Оған көп нәрсе әсер етуі мүмкін:

  • Нейрондар байланысының ерекшелігіне байланысты: Синестеттерде мидың сенсорлық бөліктері арасында байланыс көбірек болады екен. Соған байланысты бір стимул екіншісін оятады.
  • Самай бөлігінің жұмысына байланысты: Адамның самай бөлігі сенсорлық ақпаратты өңдеуге жауапты. Синестеттерде осы бөлік белсендірек жұмыс істейді.
  • Генетикалық ерекшеліктерге байланысты: Осы бағытта жасалған зерттеулерге қарасақ, синестезия тұқым қуалауы мүмкін.

Зерттеуден үзінді:

2017 жылы Калифорния университетінің ғалымдары лексикалық-дәмді синестезиясы бар адамдарға тәжірибе жасаған. Қатысушыларға белгілі бір сөздер айтылып, соны естігенде қандай дәм сезілетінін сұрастырған. Мысалы, «дүйсенбі» дегенде респонденттердің бірі ванильдің дәмі келеді депті. Осы сияқты ассоциациялар жылдар бойы зерттеліп, сақталатыны анықталған. Соған қарап синеститикалық байланыстар тұрақты болады деген гипотеза расталады.

Неге кей адамдар сөздің дәмін сезеді де, кейбірі сезбейді?

Зерттеулерге көз салсақ, синестезия көбіне қиялы ұшқыр, шығармашылық қабілеті мықты адамдарда бар екен. Бірақ бұл дегеніміз синестезия тек шығармашылық адамдарына арналған деуге де болмайды.

  • Нейробиологиялық болжамдар: Ғалымдар синестезия бала кезде нейрон байланыстарына пруниң (кесу) жасағаннан пайда болуы мүмкін екенін айтады.
  • Генетикалық зерттеулер: 2018 жылы британиялық Сассекс университетінің ғалымдары түс пен дыбысты қабылдауға байланысты гендер синестезияға жауапты деген байламға келген.

Ғалымдар синестезияны неге зерттеп жатыр?

Синестезияның арқасында ми жұмысын жақсырақ түсінуге болады:

  1. Нейрон байланыстарын зерттей аламыз. Синестезия феноменіне анализ жасау арқылы ғалымдар мидың ассоциациялық байланыстарды қалай құратынын түсінеді.
  2. Жад пен адамның қабылдауын зерттеуге болады. Синестеттердің жады көбіне өте мықты болады. Өйткені олардың сенсорлы ассоциация жоғары.
  3. Жаңа терапиялық әдістер ойлап табуға көмектеседі. Айталық, инсульттен кейін не қабылдау сезімі нашар адамдарға терапия жасаудың жаңаша жолдары пайда болады.
  4. Сенсорлық технологиялар жасауға көмектеседі. Синестезияның арқасында бағдарламалаушылар мультисенсорлық интерфейстер жасауға тырысып, шабыт алады.

Кейстерге шолу: синестеттер қабілетін қалай пайдаланып жүр?

1. Даниэль Таммет — калькулятор-адам:
Британиялық жазушы әрі полиглот Даниэль Таммет сандарды түс пен текстура қылып көреді. Соның арқасында ол күрделі есептердің өзін санаулы секундта ойша есептеп бере алады. Мысалы ол 9 деген санды қызыл шар деп қабылдайды. Ал 11 — ақ сызық.

2. Марианна Арчер — сөздердің «дәмін сезеді»:
АҚШ-тан шыққан суретші Марианна Арчер әр сөздің дәмі бар дейді. Мәселен «әмиян» десе, оған шоколадтың дәмі келеді. Ал «жұма» дегенді естісе, кофенің исі келеді. Сол қабілетінің арқасында ол дәмдерді түстер арқылы беріп, ғажайып картиналар салады.

3.«Синестезия және музыка» жобасы:
2023 жылы Берлинде «Синестезия және музыка» көрмесі өтті. Ол жерде синестеттер музыкалық ассоциацияларын пайдаланып солардан визуал образ құрастырған. Мысалы қатысушылардың бірі Бетховенді көк құйынға теңеп суреттесе, роктың дыбыстарын үшкір сызықпен бейнелеген.

Болашақта қандай зерттеулер жасалуы мүмкін?

Синестезия нейропсихологияда әлі толық зерттеліп бітпеген сала саналады. Алдағы уақытта ғалымдар бұл бағытқа ден қойып, көп зерттеу жасауды жоспарлап отыр.  Атап айтқанда:

  • Синестезияны ертерек тану үшін мидың скандайтын тәсілдер ойлап тапқысы келеді.
  • Синестезияның жад пен когнитив функцияларға әсерін зерттегісі келеді.
  • Туабітті синестезиясы жоқ адамдарда осы қабілетті іске қосудың жолын тапқысы келеді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін адамдардың неге дұрыс демала алмайтыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз