Жаңалықтар

24 мамырдан бастап үй кезегіне тұрудың жаңа порталы ашылады

Жилье
24 мамырда қазақстандықтар үшін үй алудың жаңа порталы ашылады / Фото: shutterstock

Азаматтар үшін «Отбасы банкінде» жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Енді баспанаға мұқтаж қазақстандықтар «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» арқылы үй кезегіне тұра алады. Ол orken.otbasybank.kz порталында орналасқан.

Үй кезегіне қалай тіркелуге болады

2025 жылғы 24 мамырда сағат 09:00-ден бастап азаматтар осы платформа арқылы тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелуге өтінім бере алады. Ол үшін сайтқа ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы кіру қажет. Ал 24 мамырға дейін қазақстандықтар жаңа порталмен танысып, онда жарияланған ақпараттарды еркін оқи алады.

Өтінім беру кезінде жүйе азаматтың талаптарға сай келетін-келмейтінін автоматты түрде тексереді. Егер азамат кәмелет жасына толған болса және өзі мен отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде тұрғын үй болмаған жағдайда, ол мұқтаждар тізіміне енгізіледі.

Азаматтарды тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қою-бұл мемлекеттік қызмет. Қызмет көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні. Егер өтінімге қосымша құжаттар (мысалы, тұрғын үйдің апатты жағдайда екенін растайтын құжаттар) тіркелсе, онда қызмет 3 жұмыс күнінде көрсетіледі. Яғни азамат өтінімді демалыс күні жіберсе, ол келесі жұмыс күні өңделеді.

Кімдерге рұқсат етілген

Жүйе тек тұрғын үйдің бар-жоғын ғана емес, отбасы жағдайын, әлеуметтік мәртебесін, санатын және басқа да деректерді автоматты түрде тексереді. Осылайша «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жүйесінде өтініш берушінің цифрлық портреті жасалады. Бұл отбасының құқықтық және әлеуметтік мәртебесін, оның табысын, қандай да бір әлеуметтік төлемдерді, зейнетақыларды немесе жәрдемақыларды алатындығын, баспанасы бар-жоғын көру үшін қажет. Алынған деректердің негізінде азаматқа тұрғын үй мәселесін шешуге арналған мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.

Барлық деректі автоматты тексеру үшін «Отбасы банкі» 14 мемлекеттік дерекқор мен ақпараттық жүйемен біріктірілген.

Өтінім берілген кезде өтініш беруші мен оның отбасы мүшелеріне 1414 қысқа нөмірінен SMS-хабарлама келеді. Онда дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру сұралады. Бұл хабарламаға міндетті түрде жауап беру қажет.

Еске салайық, 24 мамырдан бастап мемлекеттік тұрғын үй кезегі толығымен «Отбасы банкінің» құзырына өтеді. Тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі түбегейлі өзгереді. Енді соңғы 5 жылда тұрғын үйі болмаған кез келген азамат, тіпті әлеуметтік осал санатқа жатпаса да, кезекке тұра алады.