
Қазақстанда электромобильдер саны бір жыл ішінде 1,5 есе өсті. Жыл сайын елде электрокар үлгілері көбейіп, бағалары да қолжетімді бола тбастады.
Finprom.kz мәліметінше, 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елде ресми түрде 14 900 электрокар тіркелген – бұл өткен жылмен салыстырғанда 57,3%-ға көп. Нақты атйқанда, 2024 жылғы мамырда – 9 400, ал 2022 жылы небәрі 451 ғана болған.
«Жалпы ел автопаркі 5,3 млн жеңіл көліктен тұрады – және әзірге негізгі үлесті бензинмен жүретін көліктер алып отыр (4,7 млн). Бірақ экологияға бетбұрыс көзге бірден байқалады»,- дейді сарапшылар.
Қазақстанның қай өңірінде электр көліктеріне сұраныс жоғары
Көшбасшында – Алматы, мұнда 8 900 электрокар тіркелген. Бір жылдағы өсім 60%-ға жеткен.
Қалған өңірлерде:
Астана – 1 700 көлік
Алматы облысы – 779
Шымкент – 627
Қарағанды облысы – 244
Ал Абай, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында электрокөліктерді сирек кездестіресіз.
Қызығы, Қазақстанда дипломатиялық нөмірлі электрокарлар да бар болып шықты – мұндай көліктердің саны 187. Сонымен қатар, 609 электромобиль белгілі бір өңірге тіркелмеген.
Электротранспорт басқа сегменттерге де еніп келеді:
– Электрлік жүк көліктері – 383 (өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп)
– Электробустар – 189 (2,3 есе өсім)
Қазақстанда Tesla қанша тұрады?
2025 жылғы 21 мамырдағы мәліметке сай, kolesa.kz сайтында сатылымда 148 Tesla көлігі бар. Ең көбі – Model Y (48 дана).
Бағалар әртүрлі:
- Tesla Model 3 – 9,5 млн теңгеден
- Model Y – 12,5–26 млн теңге
- Cybertruck – 120 млн теңгеге дейін
Электрокарлар әлемді бағындырып жатыр
2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемде сатылған барлық көліктердің 22%-ы – электромобильдер. Көшбасшы – Норвегия, мұнда жаңа көліктердің 92%-ы электрмен жүреді. Одан кейін Швеция (58%), Дания (56%).
Сонымен қатар топ-10 ел қатарына: Финляндия, Қытай, Нидерланды, Бельгия, Исландия, Португалия және Ұлыбритания кіреді. Бүгінде әлемде шамамен 60 млн электромобиль бар. 2022 жылы бұл көрсеткіш небәрі 26 млн болған – өсім айқын.
Қазақстан әзірге көшбасшылар қатарында емес, бірақ оң серпін байқалады.